Bugin
Астанада Қайрат Сатыбалдыұлының ісі бойынша сот отырысы басталды. Бұл туралы Bugin.kz порталы елордалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Іс Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 сотында қаралып жатыр.
Қайрат Сатыбалдыұлына «Алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы мүліктік залал келтіру», «Менсіну немесе иемдену, яғни кінәліге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін жымқыру» баптары бойынша қылмыс жасады деген айып тағылып отыр.
Тамыз айының соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да тұлғаларға қатысты «Қазақтелеком» АҚ мен «Көлік қызметі орталығы» АҚ-ның аса ірі көлемде қаржы жымқыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтағаны белгілі болды. Шенеуніктер бұл іске қатысты тағы үш күдікті бар екенін айтады.
Тергеу барысында сотталушылардың заңсыз иемденген мүлкі мен қаражаты мемлекетке жалпы сомасы 240 миллиард теңгеден астам – 500 миллион доллардан астам сомаға дейін қайтарылды.
Сондай-ақ бұған дейін Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты салық және кедендік төлемдерді төлеуден жалтару, қылмыстық кірісті заңдастыру фактілері бойынша қылмыстық істер қосымша тергеліп жатқаны айтылған болатын.