Bugin
Қазақстанның автокөлікті мемлекеттік тіркеу саласындағы тағы бір жаңалық енгізілді. Автокөлік нөмірінің түпнұсқасын тексеру әрі автонөмірлердің жалған жолмен жасалуын тоқтату үшін енді арнайы DMC код салынып беріледі.
Бұл жайлы Қазақстан стандарттау және метрология институтының баспасөз қызметі хабарлады.
1 қыркүйектен бастап автокөлік нөмірлеріне арнайы әрі қосымша элементтер салынып берілмек.
"ҚР СТ 986-2022 стандарты қабылданды. Бұл стандартқа сәйкес мемлекеттік тіркеу нөмірлеріне қаріп, сан және қорғаныс элементтері салынып, қосымша техникалық талаптар енгізіледі. Мұндай қосымша қорғаныс элементтерін полиция қызметкерлері оңай тексере алады, жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай белгілерді ешкім химиялық та, физикалық та жолдармен алып тастай алмайды. Белгі ұзақ сақталады", - деп жазылған баспасөз хабарламасында.
Автокөлік нөмірі қымбаттамайды, сол бағада қалмақ. Сондай-ақ ведомстваның мәліметінше, қосымша белгі салу мемлекеттік бюджетке де әсер етпейтін көрінеді.
Стандартты Ішкі істер министрлігінің "Ақпараттық-өндірістік орталық" РМК-сі әзірлеп, Cауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетіне қарасты ҚазСтандартта сараптамадан өткен.
Бұл белгілер – мемлекеттік нөмір әзірлеу үрдісін қадағалауға мүмкіндік беретін матрицалық штрихкод (DMC-код).