Bugin
Бүгін Астанадағы Байқоңыр аудандық сотында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы басталды. Сот процессі ашық - онлайн режимде өтіп жатыр, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Қайрат Сатыбалды отырысқа қорғаушысымен бірге ЕЦ166/1 мекемесінен Zoom конференциясы арқылы қосылды.
Оған Қылмыстық кодекстің «Алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу» баптары бойынша айып тағылып отыр.
Сот отырысы басталмас бұрын Қайрат Сатыбалды отбасы мүшелерімен сөйлесті.
«Самат, қалайсың? Самат, ағаның (Н.Назарбаевтың – ред.) қасында бол әрқашанда. Бәрін істе, онымен кеңес, жарай ма?», - деді Қайрат Сатыбалды інісіне.
Ағасының сұрақтарына жауап берген Самат Әбіш бауырын сағынғанын айтты.