Қоғам

2022 жылдың басталғалы Қазақстанға 1,6 миллионнан астам Ресей азаматы келген

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

2022 жылдың басынан бері Қазақстанға 1,6 миллионнан астам Ресей азаматы келген. Бұл туралы  bugin.kz порталы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме беріп хабарлайды.

«Ағымдағы жылы Қазақстанға 4,3 миллионға жуық шетелдік келсе, 4,1 миллионы кеткен, оның ішінде 1,66 миллионы Ресей Федерациясының азаматтары. Оларды  1,64 миллионы қайта Ресейге кеткен. Олардың әрқайсысы туралы толық ақпарат, төлқұжат деректері мен келу күні көрсетілген тіркеу бар. Көші-қон процестеріне мониторинг жүргізілуде», - деді жұма күні Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитеті (КҚК) төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов.

Қазақстанға кірген әрбір шетелдік бақыланады. Әрі тіркеу мерзімі өтсе, арнайы шара қолданылады.

«Бақылау барысында көші-қон заңнамасын бұзған 45,7 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 4,2 мың адам Қазақстаннан мәжбүрлі түрде шығарылды. Сонымен бірге көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 3,2 мың ресейліктер жауапкершілікке тартылды. Бұл елге келген Ресей Федерациясы азаматтарының 0,2%-ын ғана құрайды. Бұл олардың Қазақстанда болу шарттарын сақтаудың белгілі бір тәртібін көрсетеді. Әйтпесе, Қазақстаннан мәжбүрлеп шығару бес жыл мерзімге біздің елге қайта кіруге тыйым салу түріндегі қосымша санкцияны қарастырады», - деп нақтылады көші-қон қызметі басшысының міндетін атқарушы.

Ол «ішкі істер органдары шетелдіктердің уақытша тұруға ықтиярхат негізінде Қазақстанда болу ережелерінің сақталуын қадағалайды, оны алу процесі реттеледі» деп сендірді.