Өнім
Баспана. Біреулер үшін – арман, біреулер үшін – бизнес. Баспананы жалға беру бизнесі елімізде жақсы дамыған. Содан да болар үй бағасы шарықтап тұр. Bugin.kz үй бағасына байланысты экономист Айбар Олжайдың пікірін білген еді. Назарларыңызға ұсынамыз.
Bugin.kz: Әр елде әр түрлі формадағы кризис болып жатыр. Елімізде үй бағасының шарықтауы – басты мәселенің бірі. Ипотекалық бағдарламалар қаншалықты қолжетімді?
Айбар ОЛЖАЙ: Әрине бұл әлеуметтік маңызы бар нәрсе. Үйдің, баспананың қолжетімсіз болуы – әлеуметтік қайшылықтарға алып келеді. Бізде баспананың қолжетімсіздігі ипотекалық бағдарламаларға байланысты емес. Егер үй арзан болса, ипотека қымбатырақ болса да – үй бағасы арзан болып шығады. Ипотека 0 пайыз, бөліп төлеумен болса да, үй бағасы қымбат болса, бәрібір төлем қымбат болады.
Үй бағасын көпіршіктен ажыратып, нақты өз орнына (бағасына) келтіру керек. Бізде соңғы уақытта зейнетақы қорындағы жинақты алуға мүмкіндік бергенде, көпіршік пайда болды. Яғни үй бағасының өз құнынан өсіп кетуіне әкеп соқты. Менің ойымша, қазір базалық ставканың өсуімен үй бағасы кішкене болса да реттеледі. Ипотекалық бағдарламалар азаяды. Сонда сатып алушылар нөпірі азаяды. Сұраныс азайғанда, үй бағасы өз орнына түсіп реттелуі ықтимал.