Әлем
Қарапайым ресейліктер Путин жариялаған жұмылдырудан құтылу үшін 10 есе қымбат әуе билеттерін сатып алып, шекарада кезегін күтіп жатса, ресейлік байлар жеке ұшақтарымен шетелге ұшып кетуде. Жеке лайнердегі бір орын үшін олар 1,2 миллионнан 1,5 миллион рубльге дейін төлейді, бірақ мұндай бағаның өзінде барлығына бірдей орын жетпейді. Бұл туралы Bugin.kz порталы The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазіргі жағдай мүлдем ақылға қонымсыз», - дейді Your Charter компаниясының директоры Евгений Биков.
«Бізге бастапқыда күніне 50 өтініш келіп түссе, қазір бес мыңға жуық», - деді ол.
Осыған байланысты компания өзіне жүгінгендердің барлығына орын таба алмай, сұраныс пен бағаны төмендету үшін үлкенірек ұшақтарды жалдауға кірісті.
FlightWay басшысы Эдуард Симоновтың айтуынша, санкцияларға байланысты жалға берілетін ұшақтардың қолжетімділігі шектеулі болғандықтан, реактивті ұшақтарға сұраныс 50 есе өскен.
«Барлық еуропалық жеке ұшақ фирмалары нарықты тастап кетті. Қазір сұраныс ұсыныстан жоғары, ал жарты жыл бұрынғымен салыстырғанда бағалар жоғарылауда», - деп түсіндірді ол.
Дегенмен, бизнес-джеттерді ресейлік ауқатты адамдар ғана емес, бизнес те жалдайды. Мәскеуде орналасқан бір бейне ойын әзірлеуші компания қызметкерлерін Ресейден эвакуациялау үшін бүкіл рейсті жалдады, деп жазды Коммерсант.
Ресейліктер 21 қыркүйекте Владимир Путин жариялаған жұмылдырудан, сондай-ақ Украина территориясының бір бөлігін аннексиялағаннан кейін билік шекараларды жауып тастайды деп қауіптенуде.
Жексенбі, 25 қыркүйектен бері шекарашылар ресейліктерді шекарадан ұстап қалып жатыр. Сол күннен бастап Ресей әуежайларындағы Ресей ФСБ шекарашылары соғысқа жұмылдырылатын адамдардың тізімін ала бастады.
Әскери комиссариаттар оларға мәліметтерді «МИР» шекаралық бақылау ақпараттық жүйесі арқылы береді. Henley & Partners зерттеуі бойынша, жыл соңына дейін миллионерлердің 15 пайызы Ресейден кетуі мүмкін. Бұл Ресей экономикасына зиянын арттырады.