Bugin
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа сапары барысында Microsoft, Amazon, Epam, Coursera компанияларының басшылығымен кездесулер өткізді. Бұл компаниялар Қазақстанда өкілдіктерін ашады. Бұл туралы президент Астанада өткен Digital Bridge 2022 технологиялық форумының пленарлық отырысында айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Ол IT саласын дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды және тұрақты басымдығы болып табылатынын еске салды.
«Жақында АҚШ-та жүргенімде Microsoft, Epam, Coursera сияқты компаниялардың басшыларымен кездесулер өткіздім. Сондай-ақ Қазақстанмен ынтымақтастықты тереңдету және елімізде локализациялау жөнінде нақты келісімдерге қол жеткізілді», - деді Тоқаев.
Ол еліміздің Microsoft Azure, Amazon Web Services, Google Cloud және т.б. сияқты бұлтты есептеулердің ең ірі ойыншыларын қазақстандық нарыққа тартып жатқанын айтты. Президент еліміздің шалғай елді мекендерін интернетпен қамту мәселесін де көтерді.
«Цифрлық даму министрлігі ең шалғай ауылдарды SpaceX және OneWeb төмен орбиталық спутниктік жүйелермен қамту жұмысын күшейтуі керек», - деді президент.