Әлем
Ресей президенті Владимир Путин жұмылдыру кезінде жіберілген «қателіктерді» түзетіп, заңсыз шақырылғандарды үйіне қайтаруды талап етті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Moscowtimes басылымына сілтеме жасап.
«Осы жұмылдыру барысында көптеген сұрақтар туындайды. Барлық қателіктерді түзетіп, олардың қайталануына жол бермеу керек», - деді ол Қауіпсіздік кеңесінің отырысында.
Путин мысал ретінде жұмылдыруды қабылдауға болмайтын жағдайларды келтірді: әскерге шақыру көп балалы әкелерге, созылмалы ауруы бар адамдарға немесе әскери жастан өткендерге қолданылмауы керек.
«Мұндай жағдайлардың әрқайсысын жеке қарастырып, себепсіз шақырылғандарды елге қайтару қажет», - деді ол.
Путиннің айтуынша, әскери мамандығына сәйкес келмейтін бөлімдерге адамдарды жіберу жағдайлары да бар. Мысалы, стационарларда қажет болғанымен, көп жылдық тәжірибесі бар дәрігерлер мотоатқыштар болып тағайындалады.
«Міне, мұның барлығын әбігерсіз, сабырлы түрде, бірақ тез, егжей-тегжейлі және мұқият шешу керек», - деді ол.
Бұл үшін прокурорлар жұмылдыру жөніндегі шақыру комиссияларының құрамына енгізілді және бас прокурор олардан келетін әрбір сигналға «тез арада жауап беруі» керек, деп қосты Путин.
Сондай-ақ ол әскерге тек запастағы, қажетті мамандықтары мен тәжірибесі бар азаматтар ғана шақырылатынын еске салды. Бұл ретте жұмылдырылғандардың барлығы бірден майданға кетпей, қосымша дайындықтан өтуі керек.
«Осындай үйлестіру, адамдарды оқыту - бұл қатаң сақталуы керек талап», - деп түйіндеді Путин.
Қорғаныс министрлігі де «үйлестіру» туралы хабарлады: «жұмылдырылғандар ресейлік әскерлер басып алған аумақтарды бақылау және қорғау тапсырмаларын орындайды».
Сонымен қатар, олар резервтік және күшейту бөлімшелерінің бөлігі ретінде пайдаланылады. Жауынгерлік үйлестіру оқу-жаттығу полигондарында «жауынгерлік тапсырмаларды орындау аудандарына жақын жерде» жүргізіледі. Оның аясында әскерге шақырылғандар қару-жарақпен, танктерді, жаяу әскерлердің жауынгерлік машиналарын, бронетранспортерлерді, артиллериялық жүйелерді және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін басқаруды үйретеді.