Әлем
Аннексиядан кейін оккупацияланған Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстары «Ресей Федерациясының егеменді аумағына айналады және оларға одақтық мемлекет туралы шарт қолданылады». Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы УНИАН басылымына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Кремльде арнайы рәсімде басқыншылар Украина аумақтарын аннексиялау туралы төрт келісімге қол қояды. Осыдан кейін Ресей басып алынған аумаққа жасалған барлық шабуылдарды Ресей Федерациясына жасалған агрессия ретінде қарастырады.
Песков сонымен қатар украиндық тараппен келіссөздер жүргізу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. Соғыс жалғасады, басқыншы елдің талаптары өзгермейді деп мәлімдеді ол.
Ол сондай-ақ әскери қақтығыстың ядролық шиеленісуі тақырыбына тоқталды.
«Жауапсыз әрекет ететін адамдар ядролық шиеленіс туралы айтып жатыр. Біз бұл тақырыпты дамытқымыз келмейді. Біз барлығын жауапкершілікпен әрекет етуге шақырамыз... Осы ядролық пікірталасқа келетін болсақ, біз бәрін тағы бір рет тиісті доктринамен танысуға шақырамыз, онда бәрі жазылған», - деді Песков.