Bugin

Президенттік сайлауға түсетін бірінші үміткер анықталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жигули Дайрабаевтың кандидатурасы «Ауыл» партиясынан президенттікке ұсынылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Астанада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті. Жиында партиялықтар алдағы президенттік сайлауға үміткер ретінде Жигули Дайрабаевтың кандидатурасын қолдады.

Жигули Дайрабаев – «Атамекен» ҰКП Төралқасы Агроөнеркәсіптік кешен комитеті мен Қазақстан фермерлері қауымдастығының төрағасы.

«Мен сіздерді жерге қаратпаймын, құрметті партияластарым. Мен бар күш-жігерімді Қазақстан мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға жұмсаймын», - деді Дайрабаев.

«Біз аграрлық мемлекетпіз. Ең алдымен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуіміз керек. Әрине, көп уәде бермеймін, уақыт көрсетеді. Уақыт беріңіздер. Шынымды айтсам, партия кандидатурамжы қолдайды деп күткен жоқпын. Сондықтан, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын қалай жүргізу керектігі туралы ойланамыз, ойластырамыз, ақылдасып, жоспарлар мен тұғырнамаларды дайындаймыз», - деді Жигули Дайрабаев.

Қазақстан фермерлері қауымдастығының сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Жигули Дайрабаев 68 жаста. Үйленген, үш баласы мен жеті немерелері бар. Алматыдағы Қазақ ауылшаруашылық институтын агроном мамандығы бойынша, сондай-ақ Агроөнеркәсіптік кешеннің жоғары мектебін бітірген. 2015 жылдың қазан айынан 2019 жылдың желтоқсан айына дейін «Қазақстан фермерлер одағы» ҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрағасы қызметін атқарды. 2022 жылы Жигули Дайрабаев «Атамекен» ҰКП Төралқасының Агроөнеркәсіптік кешен комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов атындағы ауданның құрметті азаматы.

Еске салайық, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасында өтеді.