БІЛІМ
Премьер-министр Әлихан Смайылов қазан айының соңына дейін мектептердің құрылысында туындаған мәселелерді шешуді тапсырды. Бұл туралы Bugin.kz порталы үкімет басшысының сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Үкіметте өткен жиында Әлихан Смайылов оқу үдерісін цифрландыру мен жаңа форматтағы мектептердің құрылысын жеделдетуді тапсырды.
Премьер-Министр реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңестің отырысында Мемлекет басшысы 800 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы мектептер салуды жоспарлап отырған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының негізгі тәсілдерін бекіткенін еске салды.
«Осы ұлттық жобаны жүзеге асыруды тез арада бастауымыз керек. Сонымен қатар, өңірлердегі 143 мектептің учаскелерін анықтау мәселесі бүгінгі күнге дейін шешілген жоқ. Бұл жұмысты барынша жеделдету қажет. Қазан айының соңына дейін құрылысы 2023 жылға жоспарланған мектептер мәселесі, ал 2024 жылға жоспарланған мектептер мәселесі жыл соңына дейін шешілуі тиіс», - деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар, ол оқу үдерісін цифрландыруды жеделдету қажеттігін атап өтті.
«Осыған байланысты оқулықтарды цифрлық форматқа көшіріп, балаларды ауыр сөмке арқалаудан босату керек. Сондай-ақ облыс әкімдіктері оқушыларды планшетпен қамтамасыз ету мәселесін шешуі керек, Атап айтқанда, «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, мүмкіндігін пысықтауы қажет», - деді Әлихан Смайылов.