Bugin
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда олигархиялық капитализм дәуірі аяқталып жатқанын айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мемлекет біздің елімізде жұмыс істейтін барлық ірі өндіруші компаниялардың қызметін өте мұқият бақылап отыр. Біз капиталды шетелге заңсыз шығаруға жол бермейміз. Олардың түрлі әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруын қадағалайтын боламыз», - деді Тоқаев Қарағанды облысында жұртшылықпен кездесуде.
Мемлекет басшысы атап өткендей, өндіріс орындарын жаңғырту және қоршаған ортаны қорғау үдерісіне ерекше назар аударылады.
«Салық төлемдері ерекше бақылауда. Егер ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар бұл талаптарды орындамаса, біз серіктестікті тоқтатуға мәжбүр боламыз. Бұл ешқандай қауіп емес, бүкіл өркениетті әлемде қабылданған қарапайым, адал және әділ жұмыс ережелері.
Қазақстандағы олигархиялық капитализм дәуірі аяқталып, ел азаматтары алдындағы әлеуметтік жауапкершілік кезеңі басталады. Біздің азаматтарға ел экономикасында озық позицияларды иеленетін тиімді және әлеуметтік жауапты бизнес қажет», - деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.