Әлем

Зеленский мен Путин кездесе ме?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Украина президенті Владимир Зеленский мен Ресей президенті Владимир Путин қараша айында Индонезияда өтетін G20 саммитіне қатысады деп күтілуде. Бұл туралы Индонезияның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісі Хусин Багистің сөзіне сілтеме жасап The National хабарлады.

«Екеуі де саммитке қатысуға келісті. Бірақ Украина-Ресей соғысына байланысты жағдай күрделі», - деді Багис.

Егер олар қараша айында саммит өтетін Бали аралына барса, бұл соғыс басталғаннан бері екі ел арасындағы алғашқы бірге қатысқан шара болмақ.

Бағыстың айтуынша, президенттерді қабылдауға дайындық басталып кеткен.

«Біз оларды бөлек қонақүйлерге орналастырамыз – біреуі  Путинге, екіншісі Зеленскийге», - деді ол шиеленістің алдын алу қажеттілігіне сілтеме жасай отырып.

Бұған дейін Путин Ресейдің саммитке қатысатынын растағанымен, сапары туралы нақты мәлімет бермеген. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресейдің G20 саммитіне қатысатынын растады, бірақ формат әлі анықталмағанын айтты.

Зеленскийдің баспасөз хатшысы Сергей Никифоров Украина президентінің саммитке баратынын растамады. «Жоқ, соңғы шешім әлі қабылданған жоқ», - деді ол.

Қараша айында Индонезияның Бали аралында өтетін көпжақты форумға әлемнің 20 ірі экономикасының жетекшілері, сондай-ақ БАӘ және Украина сияқты елдер қатысады деп күтілуде.

Денсаулық, цифрлық трансформация және тұрақты энергияға көшумен қатар, бейбітшілік мәселесі күн тәртібінде тұр.

1999 жылы құрылған G20 тобы әлемдік жалпы ішкі өнімнің 85% және халықаралық сауданың 75% құрайды. Әлем халқының үштен екісі осы елдерде тұрады. Бұл форумды халықаралық экономикалық ынтымақтастықтың негізгі алаңына айналдырады.

Топ жаһандық экономика мен қаржылық тұрақтылыққа, сондай-ақ климаттың өзгеруіне және тұрақты дамуға қатысты мәселелермен айналысады.