Bugin
2022 жылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне екі есе көп өтініш келіп түскен
Қазақстандықтар wildberries маркетплейсінің сапасыз қызмет көрсету жүйесіне шағымдануда. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қамтамасыз ету басқармасының деректері бойынша 2022 жылдың 9 айында тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне жалпы 20 642 өтініш келіп түскен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 154% - ға жоғары. Негізінен бұл өтініштерде тауар мен сатушы туралы толыққанды ақпараттың болмауы, өнімнің сипаттамаға сәйкес келмеуі, интернет сайттардың тауар мен ақшаны қайтарудан бас тартуы және алаяқтық фактілері туралы айтылған.
Шағымдардың басым бөлігі электронды сауда саласында келіп түскен. Егер өткен жылы қазақстандықтар 854 арыз жазса, биыл — 1701. Бұл салада шағымдардың үлесі 6% - дан 8,2% - ға дейін өскен. Комитет әр салаға жеке -жеке статистика жүргізбейді, бірақ та жалпы алғанда Wildberries атынан түскен арыздар бар.
«Осы жылдың қыркүйегінде ғана тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық департаменттермен 27 өтініш берушіге 1 млн 789 мың теңгені қайтаруға көмек көрсетілді", - деп ҚР тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қамтамасыз ету басқармасының бас сарапшысы Алида Кузекпаева атап өтті.
Ақмола облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті қыркүйек айында 11 тұтынушыға wildberries интернет дүкенінен 225,3 мың теңге қайтаруға жәрдем көрсеткен. Бүгінгі таңда комитетке ақшаны қайтаруды сұрап, компанияға тағы 4 шағым түскен.
Бұған дейін шағымдар көбейген кезде компания туындаған барлық мәселені wildberries шоттарына қызмет көрсететін банкке қатысты техникалық мәселелермен түсіндірген еді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 66 тұтынушыға 3,2 млн теңге көлемінде ақша қайтарылды.
Сонымен қатар, тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті қарапайым адамдарға электронды сауда жасағанда төлем процесіне назар аудару керектігін атап өтті.
"Онлайн сатып алудың артықшылықтары көп, енді бұл процесстің барынша түсінікті әрі қауіпсіз болуы үшін құқықтық база жетілдірілуде. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті "тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңға 2-ші түзетулер пакетін әзірледі. Жаңашылдықтар құқықтық кемшіліктерді, әсіресе электрондық коммерция саласындағы олқылықтарды жоюды көздейді. Тұтынушылар мен қоғамдық бірлестіктер заң жобасын ашық үкімет порталында талқылауға қатыса алады", - деп Алида Күзекпаева атап өтті.