Bugin
Фестивальдің мақсаты – жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын қалыптастыру, ақын-жазушылармен жолықтыру
Елордада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Kitaptime – 2022» атты жалпыреспубликалық кітап фестивалі өтті. Ұлттық академиялық кітапханада ашық аспан өткен фестиваль аясында кітап көрмесі мен кітап жәрмеңкесі, редакторлармен, ақын-жазушылармен кездесу, қолтаңба алу, буккросинг, Non-Fiction, поэзия-пати сынды түрлі форматта мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.
«Фестивальдің мақсаты – жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын қалыптастыру, ақын-жазушылармен жолықтыру. Еліміз ақын-жазушыларға көп көңіл бөліп келеді. Бұл солардың тек бастамасы ғана деп ойлаймыз. 2023 жылдан бастап жас қазақстандық жазушылар мен ақындарға арнап арнайы Президенттік әдеби сыйлық тағайындауды жоспарлап отырмыз. «Айбоз» атты тұңғыш ұлттық әдеби сыйлықты беруді де ұйымдастырып жатырмыз. Сондай-ақ, жақында «Жаңа қазақ әдебиеті» атты жаңа әдеби жобаны қолға алдық. Жоба аясында жас әдебиетшілердің кітаптары баспадан шығаруға көмек беріледі, кітаптары 3 мың данамен таралмақ», - деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, бұл фестиваль – елімізде тұңғыш ұйымдастырылып отырған шара екен.
«KitapTime жобасы – біздің әдебиетке деген ынтамыздың, сөз өнеріне деген құрметіміздің көрсеткіші деп білемін. Тың жоба кітапсүйер қауымның, елімізге белгілі қаламгерлердің, қала тұрғындарының басын бір уақытта қосқан нағыз рухани жәрмеңкеге айналды. Осындай бірегей жобалар жеткіншектерімізге пайдалы болуы тиіс», - деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Шара аясында кітап көрмесі, кітап жәрмеңкесі, кітап алмасу форматында мәдени шаралар болды. Кітап көрмесінде көршілес және шет елдердің кітаптары қойылды. Жергілікті қаламгерлер де кітаптарын ұсынып, оқырмандармен кездесті. Жәрмеңкеде баспа мен дүкендер өз өнімдерін ұсынды.
Фестивальде орын алған іргелі шараның бірі – «Отандастар қоры» КЕ АҚ ұйымы бастаған «Әр қазаққа бір кітап!» атты жобасымен кітап сыйлау акциясының жариялауы. Аталған қор шетелдегі қандас пен отандастарға қазақтың ақын-жазушыларын таныстырумен, қазақ тілін үйрету және сақтаумен, тарихи отанға қызығушылықты қалыптастырумен шұғылданады.
«Шетелдегі қазақтарға көркем әдеби және тарихи шығармалар аса қажет. Жетпей жатады. Соған орай «Отандастар қоры» Ұлттық кітапханамен бірлесіп, «Әр қазаққа бір кітап» атты акция бастады. Алыс-жақын шетелдегі отандастарымыз бен қандастарымызға халқымыздың тарихы, мәдениеті мен әдебиетінен сыр шертетін мазмұнды кітаптарды табыстау. Бұған әрбір қазақ атсалысу керек деп білеміз. «Кітап қорын жинайық, шетелдегі қандастарға сыйлайық» деген ұранды белгі етіп алдық», - дейді қор президенті Абзал Сапарбекұлы.
Шараға министр Дәурен Абаев та қолдау білдіріп, акцияға Мигель де Сервантестің «Айлакер идальго ламанчалық Дон Кихот» романы мен Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын сыйға тартты.
Кітап фестиваліне Тұрсын Жұртбай, Маралтай Райымбекұлы, Несіпбек Айтұлы, Әлібек Асқар, Айгүл Ісмақова, Дәулеткерей Кәпұлы, Елена Әбдіхалықова, Жанат Әскербек, Ықылас Ожайұлы, Бауыржан Қарағызұлы, Роза Мұқанова, Айгүл Кемелбаева, Шархан Қазығұл, Назира Бердалы, Танакөз Толқынқызы, Құралай Омар сынды зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер қатысты. Көрмеге мектеп оқушылары, студенттер, суретшілер мен ұстаздар, әртістер мен БАҚ өкілдері көрермен боп жиналды.