ДЕНСАУЛЫҚ
Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлеріне науқастар тарапынан жасалатын шабуылдар мәселесін шешу мақсатында арнайы тұжырымдама дайындады, деп хабарлады Bugin.kz порталы.
«Тәжірибе көрсеткендей, пациенттер медициналық қателік жіберген дәрігерлерге шағымданып қана қоймайды, сонымен қатар дәрігерлердің ар-намысы мен қадір-қасиетіне кереғар әрекеттерге барады. Қаңтар айындағы төтенше жағдай кезінде 20 денсаулық сақтау нысанына шабуыл жасалды. Оның ішінде бес стационар, бір МСАК нысаны, Алматыда орналасқан 14 дәріхана бар. Осы кезеңде жеті медицина қызметкері зардап шекті, оның бесеуі Алматыда, біреуі Шымкент пен Алматы облысында. Сонымен қатар, лауазымдық өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде жедел медициналық жәрдем қызметінің медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау фактілері бар. Медицина қызметкерлеріне шабуыл жасалған жағайда оларды құқықтық қорғау тетігі қажет», - делінген құжатта.
Осыған байланысты емдеуші дәрігер медициналық ұйымның (бөлімшесінің) тиісті лауазымды адамымен (басшысымен) келісім бойынша пациентті бақылаудан және оны емдеуден 3 шарт бойынша бас тарта алады:
1) пациентті басқарудан бас тарту оның өміріне қауіп төндірмейі;
2) емдеуді жүргізуден бас тарту басқалардың денсаулығына қауіп төндірмейді;
3) жүргізуден бас тарту әкімшлік басқарманың лауазымды адамымен келісілген.
Осы ұсыныстар негізінде дәрігер мен пациенттің құқықтық қатынастарын нормативтік құқықтық реттеу тетігін әзірлеу қажет. Осыған байланысты психикалық мінез-құлық бұзылысы ауруы бар адамның, оның ішінде есірткі заттарын қолданумен байланысты адамның әлеуметтік қауіптілігі ретінде жаңа тұжырымдаманы енгізу ұсынылады.
Аталмыш тұжырымдама қазан айының соңына дейін ашық НҚА сайтында қоғамдық талқылау үшін ұсынылған.