Өнім

«Алтын сақа» байқауының жеңімпаздары белгілі болды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстан Жазушылар одағы «Алтын сақа» балалар әдебиеті шығармаларының республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Марапаттау рәсімі Әдебиетшілер үйінде өтті.

Байқауды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» және Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған екен. Марапаттау шарасын өткізу күні ретінде Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей сынды қазақтың дарынды жазушылары, қазақ классиктері дүниеге келген 28 қыркүйек таңдалып алынған.

Балалар әдебиет байқауына 152 автор қатысып, 180-ге тарта шығарма жолдаған. Оның ішінде 122 жас қаламгердің шығармалары додаға қатысуға лайық деп танылған. Авторлардан 41 ертегі, 81 шағын әңгіме жиналған. Оның 12-сі – жүлделі орын алғандар.

Марапаттау іс-шарасына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице министрі Данияр Қадыров, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Парасат» орденінің иегері, дәулескер күйші Секен Тұрысбек, Ұлттық құрылтай мүшесі Қазбек Өмірзақұлы Майгельдинов қатысқан.

«Ұлттық сананы тамырынан үзіп алмай, жаңа заманға сай етіп бейімдеудің басты тетіктерінің бірі – жас ұрпақты ұлттық әдебиетіміздің қайнар-көзімен сусындата білу. Қазіргі таңда қазақ тілінде балалар әдебиеті бағыты бойынша жаңа есімдер көп емес. Сондықтан осы жобаға ерекше көңіл аударып отырмыз. Мұндай байқаулар балалардың әдебиетке, шығармашылыққа, кітап оқуға деген қызығушылығын арттырады деген сенімдеміз», - деп атап өтті «Қазақстандық қоғамдық даму институты» Басқарма Төрағасы Қ. Майгелдинов.

Бәйгеге төрелік еткен қазылар алқасының құрамы төмендегідей:

Ақын, ҚЖО басқармасының І орынбасары, «Құрмет» орденінің иегері Ақберен Елгезек;

Балалар жазушысы, сценарист, «Алтын Қалам – 2014» тәуелсіз әдеби байқауының жеңімпазы Зәуре Төреханова;

Белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қуандық Түменбай;

Белгілі балалар жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ділдар Мамырбаева;

Белгілі жазушы, Халықаралық «Дарабоз» әдеби байқауының жеңімпазы Бейбіт Сарыбай.

Байқау қорытынды келесідей. «Шағын әңгіме» аталымы бойынша І-орында жас жазушы Досхан Жылқыбай иеленді. «Түс көре алатын робот» шығармасын қазылар алқасы үздік деп бағалаған. ІІ-орынды «Қозының періштесі» атты әңгімесі үшін Дәметкен Сағынбаева есімді жас қаламгер алды. ІІІ-орынды «Ақ шаш» әңгімесін жазған Жантас Еркінұлына берілді. Сондай-ақ тағы бес жас қаламгерге ынталандыру сыйлықтары табысталды: Ерзат Молдабекұлына («Мамыргүл» әңгімесі), Ділназ Есболатоваға («Марстағы бір күн» әңгімесі), Айгөлек Өмірбекке («Әке» әңгімесі), Гүлден Жылкелдиеваға («Пума» әңгімесі), Нұрсұлтан Серікбаевқа («Шешілмеген жұмбақ» әңгімесі) берілді

«Ертегі» аталымы бойынша І-орынды «Ренжіскен кітап пен адамды смартфон қалай татуластырды» атты ертегісін жазып, оза шапқан Азамат Әбілқайыр иемденді. ІІ-орынды Нұржан Нұрбекке «Бұлт-шәрі» ертегісі үшін берілді. ІІІ-орынды «Сиқырлы кітап» ертегісінің авторы Қазим Тілекқабыл жеңіп алды. Сондай-ақ, тағы 5 авторға ынталандыру сыйлықтары табысталды: Көкбөрі Қизатқа («Қазақтың анасы болған мәңгі қартаймайтын үш пері қызы» ертегісі), Гүлбақыт Әбсатке («Ең сұлу құс» ертегісі), Ержан Күркеевке («Тіс жегі қалай пайда болды?» ертегісі), Айым Махаеваға («Ауа сататын патша» ертегісі), Азиза Урахқа («Патша арыстан» ертегісі) берілді.