Bugin
Жылдың соңына дейін мемлекетке қайтарылуға тиіс болған 5 млн гектар бос жатқан жер мерзімінен бұрын қайтарылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Facebook желісіндегі парақшасына жазды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Министр биыл пайдаланылмай жатқан әрі заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі президенттің тапсырмасын орындау үшін белсенді жұмыс атқарылғаны туралы айтты.
«Мен бұған дейін осы жұмыстың аралық нәтижелерін жариялап отырдым. Міне, бүгін биылғы жылдың соңына дейін мемлекетке қайтарылуы тиіс болған 5 миллион гектар бос жатқан жер мерзімінен бұрын қайтарылғанын айтқым келеді. Бұған қоса, жер инспекторларының тексеру нәтижелері бойынша 1,8 миллион гектар жерді иелері ұзақ уақыттан кейін игере бастады. Осы орайда Жер ресурстарын басқару комитеті аумақтық бөлімшелерінің мамандарына, жұмыс комиссиясының және ведомствоаралық топтардың мүшелеріне алғыс айтамын», – деп жазды Ербол Қарашөкеев.
Сонымен бірге ол тексерулердің саны былтырғымен салыстырғанда 8 есе өскенін атап өтті.
«Мысал ретінде 2022 жылы 1357 тексеру тіркелген болатын. Көп жұмыс жерді тексеруге мораторийдің алынып тасталғаны арқасында қол жеткізілді. Себебі соның арқасында біз кезінде заңсыз берілген, «жұмыс істемейтін», яғни ел экономикасына пайда әкелмеген учаскелерді анықтадық. Бұл процесс ауыр және оның жауапкершілігі өте жоғары екенін айта кету керек», – деді Ербол Қарашөкеев.
Бұған қоса министр жергілікті атқарушы органдар аталмыш жұмысқа әрдайым және барлық кезде қатыспағанына қынжылды. Алайда соған қарамастан жоспар орындалғанын жеткізді.
«Бірақ жеткен жетістікке тоқмейілсіп отырмаймыз, яғни мұнымен жұмысты тоқтатпаймыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі келесі жылға жоспарланған тағы 5 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерін қайтару жөніндегі міндеттерді мерзімінен бұрын іске асыра бастайды. Осы орайда меншігінде жері бар, бірақ сонымен жұмыс істемейтін қазақстандықтарға ескерту жасағым келеді: тексеруден ешкім құтылмайды, барша жер иелеріне қатысты болады. Өткен Республика күні мерекесі құтты болсын, барша қазақстандыққа амандық тілеймін!» – деді ведомство басшысы.