Bugin

XVI-XVII ғғ. Шымкент қалашығындағы сырлы керамикалық ыдыстардағы ою-өрнектер

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Осы кезеңде ою-өрнектер спираль тәріздес және полихромдық күрделі ою-өрнектер жиі орындалған. Ыдыстарды түстік гаммаларына қарай бірнеше топқа бөлуге болады. 1) ақ фонға қара қоңыр түспен спираль тәріздес ою-өрнектерді жекелеп,  орындаған керамикалар; 2) ыдыстарда ақ фонға аспан көк, қара қоңыр түстердегі спираль, өсімдік тектес және полихромдық ою-өрнектерді үйлестіре отырып орындаған. Ыдыстардағы спираль тектес ою-өрнектер негізінен басқа да  өрнектермен үйлесе отырып XVII ғ. пайда бола бастайды. Бертін келе, яғни XVII-XIX ғғ. спираль тектес өрнек жеке дара түрінде ыдыстардың басым бөлігін, олардың жиегін, ортасын, түбін айнала көмкере бастаған. Мұны жалпы Отырар керамикасынан айқын байқауға болады; 3) ақ фонға өрнектерді тек қара қоңыр түстермен орындаған; 4) табақ тегістей ою-өрнексіз тек бір түсті аспан көк, қоңыр түсті шыңылтырмен қапталған. Ыдыстардың шыңылтырлары, түстік гаммалары сапасы жағынан жақсы үйлестірілген.

Керамикалардың ішіндегі мына табақтың сынығындағы ою-өрнек ерекше. Орталық композицияда дәл ортасы шеңберлене бұралған сызықтың сыртында қайырма тәріздес оюлар бірінен соң, бірі орналасқан. Оның айналасын жапырақ тәріздес, полихромдық ою-өрнектер қоршап тұр. Өрнектер ақ фонға қара қоңыр және ашық аспан көк түстермен орындалған (Сурет 1. № 19). Ортағасырлық Бенакет-Шахрухии рабадындағы құмырашылар кварталын қазу барысында пештердің маңынан жоғарыда қарастырылған ыдыс стиліндегі XVII ғ. жатқызылған қыш ыдыстар алынған.  Сонымен қатар табақтардың көбнесе ернеулерімен белдеулері және түбін айналдыра қоршаған сызықтармен жиі сәндеген.

Өсімдік тектес ою-өрнектер ыдыстарға әрқашанда бай әрі ерекше көрнекілік береді. Олар, бұтақтардағы жапырақтар және түрлі стилизацияланған жапырақтар. Мұндай типтес керамикалар Шымкент қалашығының кейінгі ортағасырлық кешендерінде азынаулақ. Осындай шұңғыл табақтың бірі, жоғарыдан төменге қарай ашық аспан көк түс белдеуінен төмен ақ фонға араласа ауысады. Осының үстінен қара түспен жапырақ қоршап тұрған жидек бейнеленген. Суреттің жарық, көлеңкесін бере отырып өте тиянақты әрі кәсіби шеберлікпен орындаған (Сурет 1. № 13.). Табақтың тек ішкі беткейі шыңылтырмен қапталған.

Сурет 1. XVI-XVII ғғ. Шымкент қалашығындағы сырлы керамикалық ыдыстардағы ою-өрнектер

Сурет 1. XVI-XVII ғғ. Шымкент қалашығындағы сырлы керамикалық ыдыстардағы ою-өрнектер