Bugin
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Ұлытау облысының әкімдігі Үкіметпен бірлесіп Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі.
Аталған құжат 9 бағыт бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды. Олардың ішінде индустриялық-инновациялық даму, минералдық-шикізат базасын кеңейту, кәсіпкерлікті дамыту, агроөнеркәсіптік кешен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік инфрақұрылымы, әлеуметтік инфрақұрылым және т. б. Облыс әкімдігі осы құжатқа қосымша Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламалары мен ұлттық жобаларына енгізілген барлық іс-шараны көздейтін кеңейтілген даму бағдарламасын әзірледі.
Жалпы, бес жылдық кезеңдегі инвестициялардың жалпы көлемі 1,8 трлн. теңге. Оның ішінде республикалық бюджеттен 351 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 147 млрд. теңге бөлінеді, жеке инвестициялар 1,3 трлн. теңгені құрайды.
Ұлытау облысының индустриялық-инновациялық дамуы өнеркәсіптік реагент шығару жөніндегі химия зауытының құрылысын, мұнай өңдеу зауытын, қара мыс концентраттарын өндіру зауытын, Жезқазған мыс балқыту зауытының жаңа күкірт қышқылы цехын және т.б. іске қосуды қамтиды. Жалпы, 3 мың жаңа жұмыс орындарын құрумен 787 млрд. теңге сомасына 16 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Өңірде минералдық-шикізат базасын кеңейту аясында геологиялық кластер салынып, 9 кен орнына геологиялық барлау жұмыстары жүргізіледі. Инвестициялардың жалпы көлемі 20 млрд. теңгені құрайды.
Агроөнеркәсіптік кешен саласында ет өңдеу және сүт өңдеу зауыттарын салу, құс еті мен жұмыртқа өндіру кешенін іске қосу, ұн тарту кешенін жаңғырту сияқты т.б. 11 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Сала инвестицияларының жалпы көлемі 45 млрд. теңгеден асады.
Әлеуметтік салада 47 жаңа нысан салынады. Олардың ішінде Жезқазған қаласындағы перинаталдық орталық, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарындағы 14 фельдшерлік-акушерлік пункт, 9 мектеп, 4 оқушылар сарайы, 5 балабақша, 10 спорт нысаны және басқалары бар. Сондай-ақ, 27 білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөнделеді. Барлық іс-шаралардың жалпы сомасы 94 млрд.теңгеден асады.
"Еңбек" футбол клубы жанданып, "Арыстан" балалар хоккей мектебі ашылады. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жаңа Ұлытау мемлекеттік техникалық университетіне студенттерді қабылдау жоспарлануда.
Халық санының өсуін ескере отырып, Жезқазған қаласында 60 үйді немесе 1800-ге жуық пәтерді қамтитын үш жаңа шағын аудан салынады. Жеке тұрғын үй құрылысына 1 мың учаске бөлінеді. Сондай – ақ, Жезқазған қаласындағы 26 апатты үйді және Сәтбаев қаласындағы 20 апатты үйді жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Аталған іс-шараларға 62 млрд.теңгеден астам қаражат бағытталады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту аясында 130 км жылу желілері салынып, жаңғыртылады, 300 км сумен жабдықтау және 127 км суды бұру желілері салынып, қайта жөнделеді. Сәтбаев қаласының тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету және электр энергиясын өндіру үшін заманауи бу-газ қондырғысын салу қажет. Су құбыры желілерін жаңғырту есебінен облыс орталығы мен Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының 12 елді мекендерінің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Инвестиция көлемі - 450 млрд. теңге.
Бұдан басқа, өңірдің газ инфрақұрылымын дамыту жобасын іске асыру үшін 34 млрд.теңгеден астам қаражат бөлінеді.
Жалпы сомасы 264 млрд.теңгеге 227 км облыстық автожолдар және 118 км қалаішілік және кентішілік жолдар салынады, қайта жөнделеді және жөнделеді.
Туризм саласын дамытуға 1,5 млрд. теңге бағыттау көзделген.
Жалпы, іс-шаралардың барлық кешенін іске асыру өнеркәсіп көлемінің 41% - ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі көлемінің 35% - ға өсуін қамтамасыз етеді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,7 есе, ал ШОБ субъектілерінің өнім шығаруы 2,5 есеге өседі. 9,5 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылады