МӘДЕНИЕТ

Қытайдағы қазақ қызы ең үздік актриса атанды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қытайлық белгілі өнер жұлдызы Риза Әлімжанқызы Flying Apsaras сыйлығын алды. Бұл туралы Қытайдың The Paper ақпарат агенттігі жазды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Биыл 33-ші рет үлестіріліп отырған Flying Apsaras сыйлығы Қытайдың телеөнер саласындағы ең жоғары мемлекеттік марапаты. Риза Әлімжанқызы «Minning Town» телехикаясындағы рөлі үшін «Үздік актриса» номинациясының иегері атанды.

«Minning Town» телехикаясы өткен жылы қаңтар айында Қытайдағы көрермені ең көп бес телеарнада қатар көрсетіліп, жұрт өте жоғары бағалаған еді. Оған Қытайдың Нинся дүнген автономиялық регионының Сихайгу аймағындағы ауыл тұрғындарының кедейлікпен күресі арқау болады. Телехикаяда Риза қазымыр әкенің қатал үкіміне мойын ұсынбай, тағдырын өз қолына алған қайсар қыз Ли Шуйхуаның бейнесін сомдап, актерлік шеберлігімен көрермендерді тәнті етеді.

1 қараша кеште Бейжіңдегі Шоуган аренасында өткен сыйлық иегерлерін марапаттау рәсімінде Риза Әлімжанқызы толқып тұрып:

«Мен бақытты һәм талайлы жан екенмін. Қазылар алқасына, еңбегімді бағалаған көрермендерге мың алғыс. Өздеріңізге ана тілімде алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер: Рақмет!», - деді Риза Әлімжанқызы. 

Өміржолы:

Риза Әлімжанқызы бұл сыйлық тағайындалғалы бері «үздік актриса» атағын алған тұңғыш қазақ актрисасы.

Ашық дереккөз бойынша, Риза Әлімжанқызы 1986 жылы шілдеде Бейжіңде туған. Өнер жолын орта мектепте әуесқой модель болудан бастаған, 2002 жылы Бейжің кинематография институтын бітіріп, актерлікке бет бұрады.

Риза Әлімжанқызы Қытайдың кино саласында Reyizha Alimjan немесе Rayza деген есімімен танымал. 2011 жылы «Чжэнь Хуань-ның кешулері» телехикаясы арқылы танылды.

Қытайдың Baidu іздеу желісіндегі дереккөздерге сүйенсек, таза қазақ отбасында тәрбиеленген. Қыздың ата-анасы Бейжің қаласының тіл орталығында жұмыс істейді екен.

Ризаның танымалдылығы 15 жасынан бастап артқан. Ол әйгілі «Рили» журналының мұқабасының моделі болған. Бұған дейін ол комедиялық «Суайттар шайқасы» киносында, патша ордасындағы қырықпышақ болып қырылысып жататын күндес ханымдар туралы «Гаремдегі Чжуан Хуанның өмірі» телехикаясында, бүгінгі қала өміріндегі махаббат тақырыбы арқау болған «Махаббат па, оған мен дайын» телефильмінде және «Махаббат бұйрықтан аса алмайды», «Біз ғана білетін мекен» («Somewhere Only We Know»), «Шындық айтылмайтын аймақ», «Қарлы даладағы әйел патша», «Қуғындау» секілді көптеген фильмде рөлін сәтті сомдап шығады.

Риза 2017 жылы «Қуғындау» филіміндегі рөлі үшін XX Шанхай халықаралық кино фестивалінде «БАҚ-тың назарын жиі аударған актриса» номинациясында марапатталады.

Ал 2019 жылы «Чаңандағы бір тәулік» атты телефильміндегі рөлі үшін Қытайдың Huading байқауында ең «үздік актриса» атанады.