Bugin
Сыбайлас жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігі бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевке қатысты азаптау ісін тергеп жатыр. Бұл туралы Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.Kz порталы Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығына қатысты үкімді жариялаған кезде судья Ибрагим Әлкенов Әбішевтің азаптауларға қатысты мәлімдемесіне баға бермеді.
«Шынымен де, өтініш болды. Сот ешқандай баға бермеді, себебі бұл мәселе бойынша жеке іс жүргізілуде. Істі қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігі тексеріп жатыр», - деді омбудсмен Сенат отырысында.
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевке қатысты істі тексеруді Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері жүргізгенін нақтылады. Сондықтан азаптау ісі сыбайлас жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігіне берілген.
Бір қызығы, осыдан бір ай бұрын сот барысында прокурор Төлеген Жараспаев Әбішевке қатысты Қаржылық мониторинг агенттігі қызметкерлері заңсыз тергеу әдістерін қолданғаны туралы бұлтартпас дәлелдер алынбағандықтан, азаптау фактісі бойынша тергеу тоқтатылғанын айтты. Алайда, Әзімованың айтуынша, қазір іс тергелуде.
Омбудсмен бұрынғы вице-министрдің шынымен азапталғанын тергеу дәлелдесе, азаптау мен қысым көрсету нәтижесінде алынған материалдар жарамсыз деп танылатынына назар аударды.
«Мен кейбір заңгерлермен сөйлестім, олар бұл жағдайды жақсы түсінеді. Апелляциялық шағым бойынша адвокаттардың қандай шара қолданатынын көреміз. Әрине, қоғамдық пікір тұрғысынан мұның бар екенін көрудеміз және оны елемеу мүмкін емес», - деп түйіндеді Әзімова.
Әбішевтің айтуынша, оны тергеу изоляторының дымқыл камерасына орналастырған. Сондай-ақ дәрі де, көрпе де бермегендіктен, суық тиіп, жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған. Сонымен қатар, Әбішев камерадан есірткі мен сим-карта тауып алып, оны терезеден лақтырып жіберген. Камераластары мен түзеу мекемесінің қызметкерлеріне сенбегендіктен, табылған заттар туралы ешкімге айтпаған.
Бірінші сатыдағы сот Біртановты бес жылға, Әбішевті төрт жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды. Санитариялық авиацияны жеке мақсатта пайдалану туралы эпизод бойынша экс-министр толық ақталды.