Өнім

"Әкімдіктердің әлсіз жұмысының нәтижесі". Смайылов комитет төрағасын қызметінен босатуды тапсырды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Премьер-министр Әлихан Смайылов бірқатар лауазымды тұлғаларды жауапқа тартып, қызметінен босатуды тапсырды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Үкімет басшысы баспасөз қызметінің мәліметінше, Премьер-министр орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктері басшылығының қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев осы жылдың 10 айында азық-түлік инфляциясы 20,5%-ға жеткенін хабарлады.

«Биыл ауыл шаруашылығын субсидиялау екі есеге ұлғайтылды, бірақ оны алатындардың азық-түлік бағасын 20%-ға көтергенін көріп отырмыз. Мұндай жағдайға көне алмаспыз. Егер біз субсидия берсек, онда олар қарсы міндеттемелер қабылдауы керек. Субсидиялау жүйесі нақты жұмыс істеуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ол бұған дейін «айналым схемасын» қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін жеткізу тапсырылғанын, алайда алты өңір – Алматы, Жамбыл, Павлодар, Атырау, Қостанай және Ақмола облыстары осы уақытқа дейін оны іске асырмағанын атап өтті.

Оның айтуынша, қызметін қайта форматтау тапсырылған баға белгілеу тізбегін тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысынан әлі де нәтиже жоқ және көкөніс сақтау қоймалары бойынша деректер базасын өзектендіру жүргізілмеген.

«Бұл – әкімдіктердің әлсіз жұмысының және Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері тарапынан үйлестірудің жеткіліксіздігінің нәтижесі. Өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін аталған өңірлер әкімдерінің жетекшілік ететін орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырамын», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-министр Сауда және интеграция министрлігіне осы бағытқа жетекшілік ететін лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартуға ұсыныс енгізуді, сондай-ақ Сауда комитетінің төрағасын қызметінен босатуды тапсырды.

Қорытындылай келе, ол қияр, қызанақ және жұмыртқа сияқты бағаның ең көп өсуі байқалатын тауарлық позициялар бойынша нақты шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.