Bugin

Датаны визуализациялау деген не?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Дата журналистика – деректермен жұмыс істейтін журналистика саласы. Бұл бағытта материал дайындау үшін маман деректерді жинап, тазалап, ретке келтіреді. Одан соң мәліметтерді талдап, визуализациялайды және нәтижесін жариялайды. Осының ішінде «Датаны визуализациялау деген не және қандай құралдармен жұмыс істеу керек?» деген сауалдарға Zertteu Research Insitute қоғамдық қорының ақпаратты визуализациялау бойынша бір күндік тренингінде журналист Есенгүл Кәпқызы жауап берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Шара спикері, журналист, медиатренер Есенгүл Кәпқызының айтуынша, мәліметтерді визуализациялау – ақпаратпен жұмыс істеп қана қоймай, оны оқырманға тартымды етіп ұсыну. Ең алдымен, аудиторияны зерттеп, жас шамасын, қызығушылығын, т.б. ерекшеліктерін біліп алу керек. Мұнда 3 маңызды нәрсе бар: визуализацияланған дерек арқылы адамның назарын аудартуға болады. Бұдан кейін оқырман эмоционалды кері байланыс жасайды, мәселен пікір білдіруі мүмкін. Одан соң іс-әрекетке көшеді (петицияға қол қояды, т.б.).

Шара барысында медиатренер дерекпен жұмыс істей алатын мамандар санын көбейту керегін айтады.

«Журналист датаның не екенін түсіну керек. Маманның оқиғаны тауып, одан қорытынды шығарып, аналитика жасай алатын қабілеті болғаны абзал. Сонымен қатар ақпарат саласындағы трендтер мен тенденцияны түсіну керек әрі сыни ойлай білу керек. Сандармен жақсы жұмыс істей алғаны жөн»,- дейді Есенгүл Кәпқызы.

Оның айтуынша, Еxcell, Flourish.studio, Venngage, Infogram сынды құралдарды қолдану арқылы деректерді көркемдеп, оқырманға өздеріңіз қалағандай ұсынуға болады. Аталған құрылғылардағы гистограмма, карта, диаграмма, кестелердің түр-түрі сіздің мәліметтеріңізді оқырманға түсінікті етіп жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ визуализацияда түс таңдаудың да маңызы зор.

Сурет Zertteu Research Insitute қоғамдық қорының презентациясынан алынды

Сурет Zertteu Research Insitute қоғамдық қорының презентациясынан алынды

Есенгүл Кәпқызы қазақ тілді журналистердің кейбірі мультимедиа тұрғысынан сауаты ақсап тұрғанын атап өтті.

«Бізде технологиялармен жұмыс істеу, датаны талдау, зерттеу жоғары деңгейде жүргізілмейді. Елде экономиканы, саясатты, т.б. талдай алатын сауатты журналистердің қатарын көбейту керек»,- дейді Кәпқызы.

Сөз соңында сарапшы күрделі ақпаратты зерттеп, оқырманға түсінікті түрде жеткізу – бүгінгі дата-журналистердің міндеті екенін айтты.