Bugin
Ежелгі тарихқа қатысты материалдық мәдениет ескерткіштерінің бірі - археологиялық ескерткіштер. Оған: қалашықтар мен қалалар; ежелгі қоныстардың қалдықтары; обалар, қабір үстіне орнатылған ескерткіштер мен салт-дәстүрлік құрылыстар; адамның еңбек қызметін сипаттайтын ескерткіштер; тасқа және үңгірде қашалған жазулар; табылған жекелеген қазбалардың орындары жатады.
Археология (ол гректің archaіos – ескі, logos – ғылым деген сөздерінің қосылуынан шыққан) термині біздің заманымыздан бұрынғы 4 ғасырда көне заманды зерттейтін ғылым ретінде (Платон) қолданыла бастағанымен, ғылыми археологиялық зерттеулер Еуропада қайта өркендеу дәуірінде ғана жүргізілді.
15 – 16 ғасырларда Италияда ежелгі сәулет өнерінің мұраларын іздеуге, 18 – 19 ғасырларда Қосөзен бойында көне мәдени мұраларды зерттеуге бағытталған қазба жұмыстары жүзеге асырылды. 19 ғасырдың 1-жартысында Ресейде Қара теңіз жағалауындағы көне грек қалаларының қалдықтары мен скиф обаларын жүйелі түрде зерттеу басталды.
Қазақстан мен Орта Азияда археологиялық зерттеулер 19 ғасырдың 70-жылдарында бастау алды және олар Василий Радлов, Николай Веселовский, Петр Лерх, Василий Бартольд есімдерімен байланысты. 1920 – 30 ж. Әлкей Марғұлан, Сергей Руденко, Александр Бернштам, т. б. басқарған экспедициялар Қазақстан жерінде күрделі археологиялық барлау, қазба жұмыстарын жүргізді. 1946 ж. Қазақстан Ғылым академиясының құрамында тарих, археологиялық және этнографиялық институты, ал 1991 ж. археология бөлімі негізінде жеке Археология институты (1973 жылдан археология мұражайы жұмыс істеді) құрылды. Ол республикадағы археологиялық зерттеулердің орталығына айналды. Орталық Қазақстанда қола дәуіріне жататын Беғазы, Ұлытау, Беласар зираттары, Атасу, Бұғылы, т.б. қоныстар зерттелді. Жетісуда Бесшатыр, Кеген маңында табылған обалар сақ-скиф мәдениеті жөнінде көптеген мағлұматтар берді және олардың Алтай мен Днепр бойында кездескен скиф обаларымен «туыстас» екендігі дәлелденді. Оңтүстік Қазақстанда палеолит қоныстары тыңғылықты зерттеліп, оның Андронов мәдениетінің негізгі аймақтарының бірі болғандығына ғылыми тұжырым жасалды. Солтүстік Қазақстанның қола дәуірінің хронологиялық классификациясы жасалды. 1970 жылдан Қазақстан мен Орта Азияның мәдени орталықтарының бірі болған Отырар алқабының ескерткіштерін зерттеу қолға алынды. Шығыс Қазақстандағы Шелекті сақ обаларындағы, Жетісудағы Есік қорғанында, қала мәдениеті жөнінде мол мағлұмат берген Отырар мен Құйрықтөбеде жүргізілген қазба жұмыстары қазақ халқының көне және орта ғасыр кезіндегі тарихы, тайпалар мен ұлыстардың материалдық мәдениетінің сабақтастығы жөнінде дәйекті ғылыми тұжырымдар жасауға негіз қалады.
Сайып келгенде, Қазақстанның барлық өңірлерінде археологиялық ізденістер кеңейіп келеді, кешенді зерттеулер жүріп жатыр. Бұл мемлекет тарапынан өткенді зерттеуге қамқорлық туындағандығын көрсетеді.
Қасымхан Аблайханұлы,
«Шым қала» тарихи-мəдени кешені» КММ-ң
Қорларды ғылыми зертттеушілік қамтамасыз ету
бөлімінің меңгерушісі