Weekend
Заман талабына сай Наурыз мейрамы
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауынша, «Қазақстан» концерт залында өткен «Ұлыстың ұлы күні» атты мерекелік шарасында театрландырылған қойылым және ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыптар көрсетіліп, сонымен қатар ұлттық спорттық ойындар ойнатылды. Сонымен қатар, қазақ фольклорының ертегі кейіпкерлері Ер Төстік, Алдар көсе, Шықбермес Шығайбай және Тазша бала мерекелік кештің сәнін келтірді.
Одан бөлек, айтулы шараға елімізге танымал сахна жұлдыздары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Олардың қатарында Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Жеңіс Сейдуллаұлы, Жұбаныш Жексенұлы, Досымжан Таңатаров, Құрмаш Маханов, Төреғали Төрәлі және тағы басқалар бар. Сол сияқты кеш қонақтары наурыз көжеден ауыз тиіп, балаларға тәттілер үлестірілді.
Айта кетсек, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Әз-Наурызды жаңа форматта тойлаудың уақыты келгенін айтқан болатын.
«Енді заман талабына сай Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбие, қадір-қасиет беретін түрлері өте ерекше. Сондықтан, Наурыз мейрамына жаңа реңк беру үшін, адамның ұлтына, діни бағыныстылығына қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бере отырып, Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау керек», - деді ол.