Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке жасөспірімдерге энергетиктерді сатуға тыйым салуды қарастыруды тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Атырау облысы жұртшылығымен кездесуі кезінде айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
«Қоғамда жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу керектігі кеңінен талқыланып жатыр. Үкімет бұл мәселені зерттеп, нақты шешім қабылдауы керек», - деді Мемлекет басшысы.
Ол сонымен қоса бүкіл қоғамды есірткіге қарсы табанды түрде күресуге шақырды.
«Бұл ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін өте маңызды. Жастардың жат қылыққа бой алдыруына жол бермеуіміз керек. Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай. Біздің елде 21 жасқа толмаған адамдарға алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынған. Алайда бұл жағдай іс жүзінде байқалмайды», - деді Тоқаев.
Президент уәкілетті органдарға бақылауды күшейту керектігін атап өтті.