Қоғам
Қазақстанда ұрық саудасы қызып тұр. Елімізде ұрық саудасын табыс көзіне айналдырған жігіттер көбейген. Мамандардың айтуынша, оған басты себеп - «өзі үшін бала туып алғысы келетін» қыздардың көбеюі деп хабарлайды, Bugin.kz порталы «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Бойы 180 сантиметрден жоғары, көзі домалақ, шашының түсі қоңыр. Құлағы қалқаңқұлақ болмауы керек. Осылайша, болашақ балаңның руын да, түрін де таңдауға болады. Ұрық донорын іздейтін қыз-келіншектердің әлеуметтік желідегі жазбасы осындай. Олар «донор боламын, ұрық тапсырамын» деген еркектің кескін-келбеті мен бойына ерекше мән беретін көрінеді.
«Кәрі қыз» атанып қалған қыздар уақытын өткізіп алмауы үшін кейде «өзім үшін туып аламын» деген көзсіз ерлікке барып, некесіз бала табуға тәуекел етеді. Алайда елімізде ұрығын саудаға салатын ер-азаматтардың дені – өзге ұлт өкілдері. Сұрайтын ақысы 30 мың теңгеден басталады. Бірақ репродуктолог мамандар интернеттегі «саудагерлердің» барлығы арнайы тексерістен өтпейтіндіктен әлеуметтік желідегі мұндай хабарлама иелеріне жүгінбеуге кеңес береді.
Ұрықты бір келіп тапсыруы – 30 мың теңге. Егер 5 рет келіп тапсырса, 5-ке көбейтесіз, 10 рет тапсырса, 10-ға көбейтеміз. Ең маңыздысы – сапа. Бізге келгендердің шамамен 80%-ға жуығы донор бола алмайды. Өйткені көрсеткіштері донорлыққа сәйкес келмейді, - дейді уролог Арман Есенұлы.
Қазір Қазақстанда экстракорпоральды ұрықтандырумен айналысатын 20-ға жуық клиника бар. Заң бойынша 35 жасқа дейінгі ер адам жасырын түрде донор бола алады. Басты талап - ұрық тапсырушылардың психикалық және репродуктивті денсаулығы сай екенінің арнайы медициналық ұйымның қорытындысы дәлелдеуге тиіс. Ал дін өкілдерінің айтуынша, ұрық доноры болу шариғатқа қайшы. Олар мұндай жолмен дүниеге келген бала некесіз туған болып саналады.
Бөгде әйелдің немесе өзге ер кісінің жұмыртқа клеткасын өзгенің жатырына қондыру шариғат бойынша харам болады. Бұл жолдардың кез келгені зинаның бір түріне жатады, - делінген ҚМДБ түсіндірмесінде.
Жалпы, елімізде ұрық донорлығы 90-жылдары басталған. Ерлер мен әйелдер ЭКО-орталықтарға қанша рет ұрық сатса да шектеу жоқ. Олардың кім екенін зерттеп-зерделеп жатқан арнайы жүйе де қарастырылмаған көрінеді. Келешекте бір ұрық иесінен тараған ұрпақ бір-бірімен шаңырақ көтеріп, неке қимауына ешкім кепілдік бере алмайды.