Өнім
Депутат өңірлердегі әр ауданда Отбасын қолдау орталықтарын құруды ұсынды, деп хабарлайды Bugin.kz порталаы Информбюроға сілтеме жасап.
Мәжіліс депутаты Динара Зәкиева Үкімет басшысының орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, оларды құжаттандыру, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік төлемдер жасау және өзге де қызметтерді бір жерден көрсету үшін Отбасын қолдау орталықтарын көбейтуді ұсынды. Депутаттың мәліметінше, Қазақстанда 220 ауданға тек 47 Отбасын қолдау орталығы бар.
«Мысалы, Түркістан облысында 14 аудан мен үш қала, 2 миллионнан астам халық бар. 330 мың отбасы төтенше қиын және дағдарысты өмірлік жағдайда тұрады, облыста зорлық-зомбылық деңгейі де жоғары. Облыс бойынша тек екі дағдарыс орталығы бар, бір Отбасын қолдау орталығы енді ашылып жатыр. Үшеуі де Түркістан қаласында орналасқан. Қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасының, балалы әйелдің шалғайда жатқан ауылдан орталық іздеп жүздеген километр жүріп баратын не күші, не қаржылық мүмкіндігі жоқ. Республиканың басқа өңірлері бойынша да осындай жағдай», – деді мәжіліс депутаты.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша қазақстандағы 6 млн 750 мың отбасының жартысына жуығы қолдауға мұқтаж. 1 145 100 отбасы дағдарыс жағдайында тұрып жатса, 1 592 600 отбасы өте қиын жағдайда.
«Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға дейін 234 орталық ашу көзделген. Ашылуы 2022 жылға жоспарланған 45 орталықтың бүгінде 21-і ашылды, тағы 19 орталық жылдың соңына дейін ашылмақ. 2023-2025 жылдар аралығында тағы 158 орталық ашу қажет. Бұл жергілікті бюджеттер есебінен болжанған еді. Алайда аталған орталықтарды ашу үшін өңірлерде қаражат жоқ. Осыған байланысты осындай әлеуметтік маңызы бар бағытты толыққанды іске асыру үшін 2023-2025 жылдары орталықтар құруға орталықтандырылған қаржыландыруды қарастыруды сұраймыз», – деді Динара Зәкиева.