Әлем
Ауғанстан билігі бұдан былай әйелдердің ойын-сауық саябақтарына кіруіне тыйым салуды бұйырды. Жарлық қоғамдық орындарға кіруді шектейтін хабарландырудан кейін шықты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Deutsche Welle сайтына cілтеме жасап.
Ауғанстанның «әдеп полициясы» сәрсенбі күні елдегі барлық ойын-сауық саябақтарына енді әйелдерді кіргізбеуге бұйрық берді.
Талибандар 2021 жылдың тамызында билікке оралғаннан кейін әйелдер үшін қоғамдық өмірге араласуға шектеулерді күшейте түскен болатын. Ізгілікті насихаттау және жамандықтың алдын алу министрлігінің (MPVPV) өкілі әйелдердің ойын-сауық саябақтарына кіруіне рұқсат етілмейтінін растады.
Аты-жөнін атамауды өтінген екі саябақ операторы Reuters ақпарат агенттігіне Талибан оларға әйелдерді саябақтарға кіргізбеу керектігін айтқан. Бұл ереже жалпыға ортақ барлық саябақтарға, соның ішінде ашық алаңдарға және қоғамдық моншаларға қатысты.
Өткен жылы НАТО күштерінің бейберекет шығарылуы Талибанның қайта оралуына жол ашқалы бері Ауғанстанның жаңа қатал билеушілері қыздарды орта білім алудан айырған еді. Талибан билігі әйелдердің білім алу, жұмыс істеу және бостандық құқықтары үшін наразылық білдірген белсенділерді басып тастады, жазасыз қалған әйелдерді өлтіру фактілері көбейді.
Сондай-ақ топ әйелдерге ер туыстарынсыз үйден шықпауды міндеттеп және беттерін жауып жүру керектігін айтты.
Білім беру, денсаулық сақтау және полиция қызметінің кейбір ерлер атқара алмайтын жағдайларын қоспағанда, әйелдер мемлекеттік қызмет орындарынан босатылды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының тамыз айындағы баяндамасында «әйелдер мен қыздар үшін қауіпті әрі үмітсіз жағдай әйелдер арасындағы суицидтің өсуіне ықпал етті» деп атап өтті.