Әлем
Германияда көшелер мен саябақтардағы қоқысты шығаруға кететін шығынды пластик өндірушілер өтейтін болды. Ел үкіметі осындай шешім қабылдады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Билік қоқысқа қатысты заңды неліктен өзгертті және жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?
Германияның әр тұрғыны жылына 632 келі қоқыс шығарады. Әр үйде пластик, қағаз, тамақ қалдықтары мен қоқыстың өзге де түрлері үшін жеке контейнерлер орнатылған. Немістер 50 жылдан аса қалдықтарды сұрыптап келеді. Статистикаға сүйенсек, қатты заттардың үштен екі бөлігі қайта өңделеді. Су немесе шырын сатып алғанда, тұтынушы әр шөлмегі үшін 25 цент төлейді. Ыдысын қайтарғанда, жұмсаған ақшасын кері алады. Әр супермаркетте шыны, темір және пластик шөлмектерді қабылдайтын арнайы автоматтар бар. Шөлмек тапсыру Германияда ақша табудың амалы емес, ол - қалыптасқан мәдениет.
«Ортамызды ең көп ластайтын заттардың бірі - пластик шөлмектері. Тек Германияда жылына 17 млрд ыдыс қолданылады. Бұл өте көп. Бұрын мұның бәрі табиғатты ластайтын. Сонда пфанд деп аталатын жүйе енгізуді шешті. Осының арқасында шөлмектердің 98%-ін қайта супермаркеттерге тапсырыла бастады. Азаматтарымыз оны қоқысқа тастамайтын болды. Бұл пластикті жаңа шөлмектер шығару үшін қолданады. Дегенмен елде қоқысқа қатысты шешімін таппаған мәселелер бар. Көшеге орнатылған арнайы жәшіктер кофе стақандарына толып кетеді, ал дайын тамаққа арналған бокстар тіпті оған сыймайды. Үкімет осы мәселені пластик өндірушілер шешуі керек деп ұйғарды. Жаңа заң бойынша, бір реттік ыдысты шығаратын компаниялар саябақтар мен көшелерде қоқыс шығаруды қаржыландырады», - деді Томас Фишер, қоқысты қайта өңдеу және жою саласының сарапшысы.
Оның айтуынша, шығынға ұшырайтын фирмалардың өндірген бұйымдарына жауапкершілігі артады.
«Бұл - жақсы бастама. Бірреттік қаптама немесе шылым фильтрлерінің шамамен қанша мөлшері қоқысқа тасталатыны және оны жинауға елді мекендер қанша қаражат жұмсайтыны жөнінде мәлімет бар. Енді олардың шығындарын өндіруші фирмалар өтейді. Алайда кім төлесе де, бұл қоқыс мәселесін шешпейді, өйткені бұл қаптама бәрі бір көшеге тасталады ғой. Бізге басқа құралдар қажет, мысалы көп рет қолданылатын ыдыс», - деді сарапшы.
Бұл заң 2025 жылы күшіне енеді. Арнайы қор құрылып, фирмалар оған жарна төлеп тұрады. Пластикті мейлінше көп өндірсе, тиісінше жарна мөлшері де артады. Ал елді мекендер, көшелер мен саябақтарды жинауға жұмсаған жүздеген миллион еуроны үнемдейді.