Әлем

Әуежайда 18 жыл тұрған азамат қайтыс болды: Ол кім?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Париждегі Шарль де Голль әуежайының ғимаратында 18 жыл тұрған ирандық Махран Карими Нассери қайтыс болды. Оның оқиғасы желісімен Стивен Спилберг «Терминал» фильмін түсірген, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ВВС агенттігіне сілтеме жасап.

Әуежай өкілінің мәліметінше, Нассери сенбі күні түске дейін 2F терминалында табиғи себептерге байланысты көз жұмған.

1945 жылы Иранның Хузестан провинциясында туған Нассери 1988 жылы Еуропаға кеткен анасының артынан іздеп барған. Алайда ол көші-қон заңнамасын орындамаған.

Содан кейін қажетті құжаттары болмағандықтан, оны Ұлыбританиядан, Нидерланд пен Германиядан шығарып жіберген. Нассери әуежайды баспаналауға мәжбүр болған. Францияға кіруге де құқығы болмады.

Ол 2F терминалындағы бірнеше орындыққа жайғасты. Күндіз өз өмірі туралы қойын дәптеріне жазып, газет-журнал оқумен уақыт өткізді.

Нассеридің оқиғасы әлемдік БАҚ және голливуд режиссері Стивен Спилбергтің назарын аударды. Оның желісі бойынша Том Хэнкс пен Кэтрин Зета Джонс ойнайтын «Терминал» фильмін түсірді.

Фильм премьерасынан кейін Нассериден көп журналистер интервью алды.

1999 жылы Франция босқын мәртебесін берсе де, ол 2006 жылға дейін әуежайда өмір сүрді. 2006 жылы ауруына байланысты ауруханаға жатқызылды. Кейін ол фильмнен түскен ақшаға хостелде тұрды.

«Бірнеше апта бұрын Нассери 2F терминалына қайта келіп, сонда көз жұмды. Оның қалтасынан бірнеше мың еуро табылды», - деді әуежай өкілі.