Bugin
Қаңтар оқиғасы кезінде Жамбыл облыстық полиция департаментінен атыс қаруы мен оқ-дәрілерді ұрлаған екі сотталушы рақымшылықпен сот залынан босап шықты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы halyq-uni сайтына сілтеме жасап.
Тараз қаласының №2 сотында алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобының қару-жарақ пен оқ-дәрілерді ұрлау, заңсыз тасымалдау және сақтау (291-баптың 3-бөлігі, 4-тармағы) бойынша айыпталған 2 сотталушыға қатысты іс қаралды.
Анықталғандай, енгізілген шектеулер мен төтенше жағдайға қарамастан, сотталушылар 2022 жылғы 5 қаңтарда өздерінің қоғамдық қауіпті әрекеттерін жүзеге асырған. Алдын ала сөз байласып, қылмыстық ниетін жүзеге асыру мақсатында тәртіпсіздік ұйымдастырып, Жамбыл облыстық полиция департаментінің ғимаратындағы атыс қаруы мен оқ-дәрілерді ұрлап кеткен.
Айыпталғандардың кінәсі іс бойынша жиналған айғақтармен дәлелденді.
Прокурор сотталушылар У. мен Д.-ны 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сотталушылар өз кінәсін толық мойындады.
Сот жазаны тағайындау кезінде шын өкіну мен мүлікке тигізген залалды ерікті түрде өтеуі қылмыстық жауап пен жазаны жеңілдетеді деп шешті. Сонымен қатар төтенше жағдайда қылмыс жасауы ауыр жағдайға жатады.
Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескере отырып, У., Д.-ға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеу тағайындалды.
Сондай-ақ 2022 жылғы 2 қарашадағы «Рақымшылық жасау туралы» Заңның 3-бабының 3-бөлігіне сәйкес, жаза мерзімі 3/4 бөлігіне қысқартылып, әрқайсысына 10 ай 15 тәулікке бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазасын толық өтеуіне байланысты (тергеу кезінде олар қамауда болды) сотталушылар сот залынан дереу босатылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.