Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Украинада алдағы президенттік сайлауға байланысты сайлау учаскелерін ашудан бас тартты. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
«Украинадағы жағдайға байланысты біз онда сайлау учаскесін ашқан жоқпыз. Сондықтан олар қаласа, көрші елге – Молдова немесе Польшаға барып, дауыс бере алады. Алайда олар алдын ала ескертуі керек. Ондағы елшіліктер бюллетеньдерді дайындайды. Біздің туристер көп баратын елдер бар. Олар бюллетеньдер жеткілікті деп ойлайды. Бірақ олар жетпей жатады. Өткен жолғы сайлауда сондай болған. Консулдық есепте шартты түрде 200 немесе 300 адам тұрады. Ал дауыс бергенде, 2-3 есе көп болады. Себебі олар келетіндерін айтпаған», - деді ресми өкіл СІМ-де өткен брифингте.
Оның айтуынша, әлемнің 53 еліндегі 68 сайлау учаскесінде 12 мыңнан аса қазақстандық дауыс бере алады.
Еске сала кетейік, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді.