Әлем

АҚШ елшілігінің көңіл айтуын қабылдамаймыз - Түркия

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

13 қарашадағы терактіге байланысты Түркия АҚШ елшілігінің көңіл айтуын қабылдамайды. Елдің ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, АҚШ Сирияның Кобани аймағында орналасқан лаңкестік ұйымға қолдау жасап отыр. Әзірге ешбір топ жауапкершілікті өз мойнына алмаған.

Истикляль даңғылындағы жарылыстан 6 кісі опат болып, 80-нен астам адам зардап шекті. Ауыр жараланғандар дәрігерлер жіті бақылауға алған. Түрік билігі оқиғаны теракт деп атады.  Жергілікті арналардың хабарлауынша, ұсталған күдіктінің аты- жөні Ахлам Албасхир. Ол осы терактіні жасау үшін Сириядан Түркияға 4 ай бұрын келген екен. Полиция тергеу барысында тағы 46 күдіктіні құрықтады.

«Операциялар жалғасуда. Лаңкестер қолға түсті. Егер ұсталмағанда, бүгін Грекияға қашуды жоспарлапты. Бұл оқиғаға бізден қарымта жауап болады», - деді Сүлейман Сойлу.

Оқыс оқиға болған жерге қала тұрғындары мен қонақтары гүл шоқтарын қойып, жарылыста қаза тапқандарды еске алды. Рәсімге келген ішкі істер министрі Ақ үйдің көңіл айтуын қабылдамайтынын жеткізді.

«АҚШ елшілігінің көңіл айтуын қабылдамаймыз. Олар Кобани лаңкестік аймағына қолдау көрсетіп отыр. Түркияның тыныштығын бұзуға бағытталған ұйымға қаражат жолдаған мемлекетпен одақтастығымызды қайта қарастыру қажет», - деді министр.