Әлем
Сейсенбі, қарашаның 15-і күні Украинаның әскери қарулы күштеріне Еуроодақтың оқу-жаттығу миссиясы жұмысын бастады. Бұл туралы ЕО кеңесінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Бүгін ЕО Кеңесі Украинаға қолдау көрсету бойынша ЕО әскери көмек миссиясының жұмысын бастады», - деп хабарлады кеңестің баспасөз қызметі.
Олар миссияны басқаруға әскери жоспарлау және жүргізу департаментінің директоры, вице-адмирал Эрве Блежан тағайындалғанын нақтылады.
Қарашаның басында Еуроодақ елдерінің сыртқы істер министрлері Украинаға әскери көмек көрсету миссиясын бекітетіні белгілі болған еді. Еуропалық одақ кеңесі әскери миссияны іске қосу және оны қаржыландыру туралы ресми шешім қабылдайтыны хабарланды. Ол екі жылға есептелген, сондай-ақ 15 000-ға дейін украиналық әскерилерді оқытуды және жабдықтауды қамтиды.
Ресей Сыртқы істер министрлігі Мәскеудің Еуропалық одақтың Украина қарулы күштерінің әскерилері үшін оқу-жаттығу миссиясын құру туралы шешімін құптамайтынын атап өтті. Осы ретте ведомство бұл жаңалықтың ресейлік тарап үшін тосын оқиға емес екенін баса айтты.