Bugin
Әлеуметтік желіде сыйақы үшін балалардан жалаңаш суреттерді сатып алып отырған педофил анықталды. Бұл туралы Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Алатау ауданының прокуратурасы мониторинг жасап, «ТикТок» әлеуметтік желісінде жасөспірім қыздардың белгісіз адаммен хат алмасқанын анықтаған. 7-10 жасар қыздар ересекпен түрлі тақырыпты талқылаған.
Ақтөбе облысының 27 жастағы тұрғынына осы іске қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол сыйақы үшін балалардан жалаңаш суреттерін жіберуін сұрап, ата-аналарына айтпауды өтінген. Сонымен қатар аталған суреттерді шетелдік әлеуметтік желілерге жариялаған.
Күдіктінің іс-әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 312-бабының 3-бөлігі 2-тармағы бойынша («Кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдарды дайындау және айналымға салу») анықталған.
Қазір күдікті ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Ол жаза бойынша 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Іс бойынша процессуалды прокурор тағайындалып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.