Қоғам

Қыз алып қашпақшы болғандар ұсталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шымкент қаласында бойжеткенді күштеп алып қашқан жігіттердің әрекеті видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Әлемжеліде көлікке қызды күштеп салып, алып қашқан жігіттердің видеосы тарады. Қызу талқыға түскен оқиға Шымкенттегі жатақханалардың бірінің алдында болған.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер бейнежазбадағы тұлғаларды анықтады. Жауап алу кезінде Түркістан облысының тұрғыны Шымкент қаласындағы оқу орындарының бірінде білім алып жүрген таныс қызын үйлену мақсатында ұрлап кеткені анықталды», делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Оқиғаға қатысы барлар Әл-Фараби аудандық полиция бөліміне жеткізілді.

«Жәбірленуші мен оның ата-анасы шағымданудан бас тартып, ешкімге талаптары жоқ екенін атап өтті. Полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабының «Адам ұрлау» дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады», - деп қосты Шымкент полициясы.

Аталмыш істі ПД басшылығы мен қалалық прокуратурасы ерекше бақылауға алды.