Әлем
АҚШ президенті Джо Байден Польшаға құлаған зымыран Ресейден келді деген болжамды жоққа шығарғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы DW басылымына сілтеме жасап.
Польшада екі адамның өмірін қиған жарылыстан кейін Байден НАТО және G7 басшыларымен шұғыл келіссөз жүргізді. Келіссөзден кейін АҚШ президенті Польшадағы тергеуді қолдау туралы келісімге қолжеткізгенін айтты.
«Мен не болғанын нақты анықтайтынымызға көз жеткізгім келеді», - деді ол.
Зымыран Ресейден атылуы мүмкін бе деген сұраққа Байден мұны жоққа шығаратын алдын ала ақпарат бар деп жауап берді.
«Алдын ала мәлімет бойынша, бұл теріске шығарылды. Тергеу толық аяқталғанша бұл туралы айтқым келмейді, бірақ траектория бойынша оның Ресейден ұшырылуы екіталай. Бірақ көреміз», - деп жауап берді Байден.
Еске салайық, бұған дейін Польшаның Украинамен шекарадағы Пшеводов қаласында астық кептіргішке екі зымыран құлағаны хабарланған болатын. Екі адам қаза болды.
АҚШ барлау өкілі зымырандар ресейлік болуы мүмкін екенін айтқан болатын.