Bugin
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов түркиялық инвестор – Milat Hali компаниясының директоры Искандер Капланды қабылдады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Informburo.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесуде елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыс талқыланып, үшінші мегаполистің мүмкіндіктері жан-жақты айтылды.
Сондай-ақ аталған компания құрылтайшылары ынтымақтастықты одан әрі арттыру мақсатында Шымкентте кілем және кілем бұйымдарын өндіруді іске асыруға мүдделі екендерін жеткізді. Инвестициялардың жоспарланған сомасы – шаршы метріне 10 млн АҚШ доллары. Жоба жүзеге асқан жағдайда жаңадан 300 жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.
«Шымкенттің әлеуеті өте жоғары. Шаһарға инвестиция салушылардың қатары күннен-күнге артып отырғаны бізді қуантады. Халыққа пайдалы болатын әрбір жобаны қашан да қолдауға дайынбыз», – деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.
Ал компания директоры Искандер Каплан өндірістің қала экономикасындағы экспорт үлесін арттыруға септігін тигізе отырып, жергілікті халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуына басымдық беретінін атап өтті.