Bugin
Қазақстанда сапасыз білім беріп, тек диплом «таратып» жүрген 5 жоғары оқу орнын жабу бойынша сот процесі жүріп жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев айтты, деп хабарлады Bugin.kz порталы.
«Соңғы 2-3 жылда “диплом тарататын” университеттермен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде 15 университет жабылды. 5 университті жабу бойынша сот процесі жүріп жатыр. Биыл 28 рет мемлекеттік бақылау жүргіздік. Оның 14-і – жоспарлы түрде, қалғаны – профилактика бақылауы», – деді министрдің орынбасары орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Қуаныш Ерғалиев аталған жоғары оқу орындарында нақты қанша студент білім алып жатқаны жайлы мәлімет берілмейтінін жеткізді.
«Онда қанша студент білім алып жатқанын айта алмаймын. Алайда әр университетте шамамен 2-3 мың студент білім алады деп есептесек, онда 10 мың студент болуы мүмкін», – деді вице-министр.