Әлем
Түркия кешегі терактіге байланысты АҚШ елшілігінің көңіл айтуын қабылдамайды. Елдің ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ Сирияның Кобани аймағында орналасқан лаңкестік ұйымға қолдау жасап отыр, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Хабар 24 телеарнасына сілтеме жасап.
Истикляль даңғылындағы жарылыстан 6 кісі опат болып, 80-нен астам адам зардап шекті. Ауыр жараланғандар дәрігерлердің жіті бақылауында. Түрік билігі оқиғаны теракт деп атады.
Жергілікті арналардың хабарлауынша, ұсталған күдікті терактіні жасау үшін Сириядан Түркияға 4 ай бұрын келген екен. Полиция тергеу барысында тағы 46 күдіктіні құрықтады.
«Операциялар жалғасып жатыр. Лаңкестер қолға түсті. Егер ұсталмағанда, бүгін Грекияға қашуды жоспарлапты. Бұл оқиғаға бізден қарымта жауап болады», - деп мәлімдеді Түркия Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу.
Оқиға болған жерге қала тұрғындары гүл шоқтарын қойып, жарылыста қаза тапқандарды еске алды. Рәсімге келген ішкі істер министрі Ақ үйдің көңіл айтуын қабылдамайтынын жеткізді.
«АҚШ елшілігінің көңіл айтуын қабылдамаймыз. Олар Кобани лаңкестік аймағына қолдау көрсетіп отыр. Түркияның тыныштығын бұзуға бағытталған ұйымға қаражат жолдаған мемлекетпен одақтастығымызды қайта қарастыру қажет»,- деді Түркияның Ішкі істер министрі.
Әзірге ешбір топ жауапкершілікті өз мойнына алмаған.