Bugin
Әлеуметтік желіде бірнеше айдан бері «жаңа банкноттың» видеосы тарап жатыр. Видео авторы бұл ақшаны қайтарым ретінде алғанын айтады. Ұлттық банк осыған қатысты ресми мәлімет берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
«Әлеуметтік желіде тарап жатқан 60 мың теңге номиналындағы банкнот шыққаны туралы мәлімет шындыққа жанаспайды. Жаңа номинал шығару үшін ел экономикасының қажетінен туындаған объевктивті себептер болуы керек. Қазіргі таңда ондай қажеттілік байқалып тұрған жоқ. Ендеше жаңа номинал шығару туралы жоспар жоқ.
ҚР ұлттық валютасының қолданыстағы банкноттары туралы ақпаратты Ұлттық банктің сайтынан алуға болады» жазылған Ұлттық банктің баспасөз қызметінің мәліметінде.
Ұлттық банк мамандары жаңа номиналдағы банкнот шығатын болса, ол туралы мәлімет әуелі қаржы реттеушісінің тарапынан берілетінін ескертті. Сондай-ақ қазіргі уақытта ең жоғары номинал 20 000 теңгелік купюра екенін атап өтті.
«Қазақстан ұлттық банкі Қазақстан Республикасындағы тарихи оқиғаларға, мерейтойлық және атаулы күндерге арналған, таралымы шектеулі мерейтойлық, естелік банкноттар мен түрлі номиналдағы монеталарды айналымға шығаратынын ақпарат тәртібімен хабарлаймыз. Қазіргі уақытта мерейтойлық, естелік банкноттар мен монеталардың ең жоғары номиналы - 20 000 теңге», - деп толықтырды ұлттық банктің баспасөз қызметі.