Bugin
Оралда қандас мәртебесі Ресейден келген жүздеген этникалық қазаққа берілді. Биыл тарихи отанына көшкісі келетіндердің саны айтарлықтай өсті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы AstanaTV арнасына сілтеме жасап.
Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, тарихи отанына көшуге ниет білдірген этникалық қазақтардың саны айтарлықтай өскен. Олар мұны негізінен көрші елде мобилизация жарияланғанымен байланыстырады.
«Жыл басынан бері БҚО-да 232 этникалық қазақ қандас мәртебесін алуға өтініш білдірсе, оның 218-і - Ресей азаматтары. Биыл біз қандастарды қолдау орталығын аштық. Онда халыққа әлеуметтік, психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар мемлекеттік тілді оқыту курстары ашылып жатыр», - деп түсіндірді басқарма басшысы Алпамыс Күшкінбаев.
Марат Аймұхамбетов Оралға Орынбор облысынан келген. Компьютерлік графика суретшісі тарихи отанының қарқынды дамуын ұзақ уақыттан бері бақылап келе жатқанын айтады. Көшу үшін қажетті ақпаратты форум арқылы жинаған.
«Мен осында көшуді жоспарлап едім. Қыркүйекте ғана шекара жабылып қалуы мүмкін деген қауесеттер көп болды. Бұл менің көшіп келуіме мүмкіндік болар деп ойладым», - дейді Марат Аймұхамбетов.
Айта кетейік, осыдан 30 жыл бұрын елімізде «Көші-қон туралы» заң қабылданғаннан кейін миллионнан астам этникалық қазақ туған жеріне оралды.