Bugin
Мемлекет басшысы Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның вице-президенті Жозеп Боррельмен кездесті. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жозеп Боррельдің Астанаға сапары Қазақстан мен ЕуроОдақ арасындағы қарым-қатынасты нығайту тұрғысынан өте маңызды екенін атап өтті.
Президент Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім барлық саладағы бірлікті тереңдетудің жаңа кезеңіне жол ашқанын айтты.
«Біз Қазақстан мен ЕуроОдақ арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстарды қолдаймыз. Осыған байланысты Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишельдің өте табысты болған сапарын және Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйенмен жүргізген келіссөзімді атап өткім келеді. Біз осыған байланысты мәселеде өзара түсіністік деп ойлаймын. Сондай-ақ Египетте Қазақстан премьер-министрі мен Урсула фон дер Ляйен қол қойған меморандумды құптаймын. Бұл – өзара ынтымақтастық тұрғысынан өте нақты қадам», – деді мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Жозеп Боррель Қасым-Жомарт Тоқаевқа құрмет көрсете отырып, қабылдағаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар ол Астана мен Брюссель арасындағы өзара қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«ЕуроОдақ пен Қазақстан – жақсы серіктестер. Біз өзара сенім мен құрмет көрсете отырып, ортақ сын-қатерлер туралы айтамыз. Сіздер Қазақстанды ашық, инклюзивті және демократиялы ел ету үшін өзгерістер жасауға бағытталған реформалар үдерісін бастадыңыздар. Менің сапарым осы өте маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр», – деді Еуропалық одақтың жоғарғы өкілі.
Кездесу барысында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы экономика және инвестиция байланыстарын одан әрі нығайту перспективасы талқыланды.