Bugin
Телекоммуникация индустриясының маңызды мәселелері талқыланды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин хабарлады.
«Самарқандқа сапар барысында телекоммуникация индустриясының маңызды мәселелерін талқыладық. Қазақтелеком басшылығы Байланыс саласындағы өңірлік достастық әкімшілігі басшыларымен және ITU өкілдерімен интернет-алаяқтықтың өсуіне қарсы күресті талқылауға қатысты. Бұл мәселе барлық елдер үшін өзекті және қатысушылар бұл мәселемен бірлесіп күресу туралы келісімге келді. Жасыратыны жоқ, алаяқтар SIP-телефония мүмкіндіктерін пайдаланады және қоңыраулар басқа елдердің аумағынан келеді. Әріптестермен бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу және байланыс саласындағы өңірлік достастық өкілдерімен келісе отырып, осы мәселерді ITU (халықаралық телекоммуникация одағы) деңгейінде көтеріп, шешу жолдарын қарастыру қажет деп келістік» – деді министр.
Сондай-ақ Қазақтелеком іс-шараға қатысушыларға Орталық Азияда талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жобасын таныстырды. 2023 жылы Қазақстан-Әзірбайжан бағыты бойынша Каспий түбі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы басталады.
«Жоба Орталық Азия елдеріне Интернетке баламалы қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ Еуропа мен Азия арасындағы трафик транзитін кеңейтуге мүмкіндік береді. Қазақстан тарапынан жобаның серіктесі Қазақтелеком, Әзірбайжан тарапынан - Аzertelekom компаниясы болады. Қазірдің өзінде жобаның дизайнын (HLD) әзірлеу жұмыстары басталды, содан кейін тиісті зерттеулер, кейінірек - Каспий түбіндегі «оптиканы» жобалау және салу жүзеге асады. Су асты желісінің негізгі бағыты Ақтаудан Әзірбайжанның Сиазань қаласына дейін өтеді және 340 шақырымды қамтиды, ұзындығы 330 шақырымға жуық резервтік канал Баку маңындағы қазақстандық Құрық портынан Әзірбайжанның Бузовна елді-мекеніне дейін салынады. Орталық Азияның барлық елдері жобаны жақын арада іске асыруға мүдделі, өйткені баламалы маршруттардың болуы біздің елдеріміздің тұрғындарына Интернетке кепілдендірілген қолжетімділікті қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады», – деді Бағдат Мусин.
Сондай-ақ, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «ICT Week Uzbekistan – 2022» аясында өткен бірнеше іс-шараларға қатысты.
«Қазақстан делегациясының құрамында Сергек, BilimMediaGroup, Documentolog, Cerebra, Parqour, Tastamat, MOST Ventures сияқты т.б. IT-компаниялар болды. Олар өз өнімдерін арнайы көрмеде таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті және саланың жаңа жетістіктерінен хабардар болды. Біздің делегация Өзбекстанның Ақпараттық технологиялар мен коммуникацияларды дамыту министрі Шерзод Шерматов бастаған көршілес әріптестерімізбен бірге цифрландыру салаласындағы қазақстандық нәтижелі тәсілдерді Өзбекстанда қолдану бойынша бірқатар келіссөздер жүргізді. Бұдан бөлек, Байланыс саласындағы өңірлік достастық әкімшілігі басшыларының кездесуіне қатысып, онда телекоммуникация саласындағы өзекті мәселелерді талқыладық. Іс-шара барысында шетелдік әріптестерімізбен елдерімізде Ақпараттық коммуникациялық технологияларды дамыту бойынша қазіргі жағдайлар туралы сөз қозғадық» - деді министр.