Bugin

Абзал Құспан, заңгер: «Әділ саясат болмайынша, тұщымды экономиканы қалыптастыра алмайтынымызға көз жеткіздім»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауына 2 күн қалды. Ертеңнен бастап үгіт-насихат жұмыстары толық тоқтайды. Шешуші сәт жақындаған сайын халық алдында жүрген түрлі сала мамандары пікірін бөлісіп жатыр.  Белгілі заңгер Абзал Құспан да алдағы сайлауда кімді қолдайтынын айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы nege.kz сайтына сілтеме жасап.

«Өз басым Қасым-Жомарт Кемелұлының кандидатурасын қолдаймын. Себебі үміткерлер арасынан ол кісіден өзге ел тізгінін ұстауға лайық адамды көріп тұрған жоқпын», - деді заңгер.

Заңгердің айтуынша, отыз жыл бұрын қалыптасып қалған жүйе өзгеріп жатыр. Соның бір мысалы ретінде конституцияға өзгерістер енгізілгенін атап өтуге болады.

«Егер заңгер ретінде отыз жыл ішінде ата заңға енгізілген динамикаға қарайтын болсам, бір ғана адамның билігін күшейтуге бағытталған. Биылғы бастама соның көп тармағын бұзды. Әлі де өзгерістер енгізілу керек деп санаймын. Өйткені бұрыс дүниені дұрыс жолға қою қажет. Ал «Әділетті Қазақстан» деген концепциясын тарқатар болсам, әділдік деген – қоғам үшін өте маңызды компонент», - деп пікір білдірді ол.

Сондай-ақ заңгер қоғамның тыныштығы саяси жүйенің әділдігімен тығыз байланысты екенін баса айтты.

«Қаңтар оқиғасы бойынша іс жүргізу барысында 600-ден астам азаматпен тергеу изолятрында жүздестім. Содан түйгенім – егер мағыстаулықтар сұйылтылған газдың бағасын көтермеу қажетін алға тартып бас көтерсе, қалған өңірдің тұрғындары қоғамдағы әділетсіздікке қарсы тұратынын білдірген. Бұдан әділ саясат болмайынша, тұщымды  экономиканы қалыптастыра алмайтынымызға көз жеткіздім. Қазіргі президентіміздің көксегені де сол. Сондықтан диванда жатып алып, «алдыңғы президент алдады, бұл да ұшпаққа ұшырмайды» деп, жалаң сөзбен тон пішпей, дауыс беруге ат салысқанымыз дұрыс болар. Өз басым Қасым-Жомарт Кемелұлын іс жүзінде қолдап келе жатырмын деп есептеймін», - деді Абзал Құспан.