Bugin

Бауыржан Ысқақов, экономист: Сайлаудың басты кандидаты Қасым-Жомарт Кемелұлы екені белгілі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

20 қарашаға бекітілген кезектен тыс президент сайлауына санаулы сағаттар қалды. Орталық сайлау комиссиясы шешімімен 19 қараша үгіт-насихат жұмыстары толық тоқтайды. Танымал экономист Бауыржан Ысқақов Bugin.kz порталына саяси науқанда үміткерлер арасынан кімді қолдайтынын айтты.

«Бұл жолғы президент сайлауынан менің ғана емес, халықтың да күтері көп. Сайлаудың басты кандидаты Қасым-Жомарт Кемелұлы екені белгілі. Оның сайлауалды бағдарламасы көпшілікке қысқа әрі негізділігімен ұнады деп ойлаймын.

«Әділетті Қазақстан, әділетті қоғам, әділетті экономика». Әділетті қоғамды қалыптастыру үшін біз әділетті экономика ұйымдастыра білуіміз керек. 2019 жылы президент болып тағайындалғаннан бері қазіргі мемлекет басшысының жасап жатқан істерінің барлығы - қоғамда әділетті экономиканы құруға деген талпыныстар. Оған көптеген мысал келтіруге болады. Бұрындары квазисекторда мемлекеттік органдардың, яғни біздің мемлекеттің негізгі байлығы қалыптасқан орталықтарда белгілі мүдделердің қызметі үшін жұмыс істегенін байқадық, көрдік. Тоқаев осындай келеңсіздіктердің алдын алды деуге негіз бар», - дейді экономист.

Оның айтуынша, мемлекеттің инвестициялық ахуалын арттыруға байланысты қазіргі уақытта жақсы шаралар жүргізіліп жатыр. Ал мұның барлығы тұрақты саяси жүйе болғанда ғана іске асады. Экономикаға қатысты мүмкіндіктердің тиімді дамуы, айналып келгенде, әділетті мемлекеттің қалыптасуына алып келеді. Сондықтан Тоқаевтың бұл сайлауалды бағдарламасының қысқа әрі нұсқалығы – алдында бастап кеткен бағдарламаларының жалғасы іспетті.

«Президентікке үміткерлерге келер болсақ, қазіргі мемлекет басшысына қарсылас бола алады дейтіндей, көзге түсетін үлкен бәсекені көріп тұрған жоқпын. Бірақ бәсекенің болуы заңды. Өз шама-шарқына қарай сайлауалды бағдарламаларын көрсетіп жатқан әр үміткердің бағасын беру керек. Дегенмен дәл қазіргі жағдайда, олар жайында қандай да бір пікір айтуға ерте деп ойлаймын. Меніңше, халықтың көңілі қазіргі мемлекет басшысы Тоқаевқа бағытталған», - дейді Б. Ысқақов.

Экономист, бастысы, әділетті қоғам орнататын, елдің өркендеуіне нақты әрекет жасауға мүмкіндік беретін президенттің сайланғаны маңызды екенін атап айтты.