Bugin
Оқу-ағарту министрі 2023 жылдың қаңтарынан бастап тәрбиешілер мен мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға өсетінін айтты. Бұл туралы ол Астанада «Үздік педагог-2022» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде хабарлады.
Іс-шара барысында министр Асхат Аймағамбетов әріптестерін «Үздік педагог» атағымен құттықтады. Сонымен қатар ол президент жолдауын жүзеге асыру аясында 2023 жылдың қаңтарынан бастап, тәрбиешілер мен мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға өсетінін айтты.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сайланған күннен бастап ұстаздарға көп көңіл бөліп келеді. 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша жыл сайын тәрбиешілердің, мұғалімдердің, колледж оқытушыларының жалақысы көтеріліп келеді. Заң ұстаздарды міндетіне жатпайтын функциялардан босатуға мүмкіндік берді», - деді министр.
Аталмыш байқаудың республикалық кезеңінде аудандық, қалалық және облыстық кезеңдердің қорытындысы бойынша 123 мұғалім «Үздік педагог – 2022» атағы үшін сынға түсті. Олардың ішінде 64-і үздік педагог атанды.