OrdaGen
Бүгін «Ордаген» компаниясы «Оның аты – Айбар» атты мультхикаяның тұсаукесерін жасады. Сериал OrdaGen жобасының YouTube арнасында тегін таратылады.
Балаларға арналған бұл жоба 10 сериалдан тұрады. Ұзақтығы – 5-7 минут. Басты кейіпкері – Айбар атты қасқыр. Ол өзінің Шымыр, Момын, Барыс, Ерке сынды достарымен бірге түрлі оқиғаны басынан кешіреді. Авторлар әр сериалда оқиғаны қызық етумен қатар, құнды ақпарат жеткізуге тырысқан. Мәселен бір бөлімінде шахмат ойыны туралы мәлімет берілсе, енді бір сериясында қағаздан ұшақ жасауды үйретеді.
Аталмыш туындының идея авторы – Айбек Қуатбай. Ал жоба жетекшісі – Парасат Тәнен. Мультсериалға режиссерлік еткен – жас аниматор-режиссер Дидар Нұрлаев. Ол Balapan телеарнасындағы «Дара тұлға» оқу-танымдық анимациясы мен «Сәби» секілді отандық жобаларды дайындауға қатысқан. Ал сценарийін Шыңғысхан Ермахан және Сенбек Руслан атты жас қаламгерлер жазған.
Мультхикая жасау – қызығы мен қиындығы қатар жүретін процесс. Көрермен назарына ұсыну үшін бірнеше кезеңнен өтетінін біреу білсе, біреу білмес. Аталмыш туындының режиссері Дидар Нұрлаев осы жайында тарқата айтып берді.
– Бұл мультхикая – 2 d мен 3 d форматтарының біріккен түрі. Командадағы бас аниматорымыз Руслан кейіпкерлерді 2 d форматта жасап шығарды. Ал 3 d суретшіміз Мади қоршаған ортаны 3 d түрде істеді. Осы 2 d мен 3 d атты екі әлемді араластырғанның арқасында комбо стиль дайын болды. Соңғы уақытта мұны шетел аниматорлары жиі қолданып жүр.
2 d кейіпкерлердің бейнесін Жансара дизайнер алдын ала жасап алды. Ол жанынан, алдынан, артынан қарағандағы түр-әлпетін салып шықты. Бойын да өлшеді. Сондай-ақ әрбір іс-қимылын, эмоциясын, мимикасын сызба түрінде дайындап қойды. Кейін Руслан өзіне керек бейнені алып, қозғалысқа түсірді. Ол Moho деген бағдарламада Жансая салған суреттерге жан бітірді. Содан соң дайын болған анимацияны Blender атты бағдарламаға көшірдік, - деді ол.
Сонымен қатар режиссер мультсериал үшін бірнеше локация құрастырғанын айтты.
– Алдымен, балабақшаның бірінші қабаты: сынып кабинеті, асхана секілді бірнеше бөлме бар. Ал екінші қабатында ойын, жатын және кіре беріс бөлмесін жасадық. Мультхикаямыздың жасалу жолын қысқаша түсіндіре алдым деп ойлаймын, - деді Дидар Нұрлаев.
Жоба жетекшісі Парасат Тәнен бұған дейін де балаларға арналған контент барысында жұмыс атқарып жүр. Ол OrdaGen жобасы аясында «Orda ертегілері» кітабын шығарды. Сондай-ақ 1000-ға жуық ертегіні қамтыған OrdaGen мобильді қосымшасын ұсынды. Енді балалар аудиториясын мультсериалмен қуантып отыр. Ол бұл мультсериал тіліміздің аясын кеңейтуге бағытталғанын атап өтті.
– Кейбір туған-туыстарым мен достарымның балаларының тілі қазақ тілінде дұрыс шықпады. Өйткені көретіндері – өзге елдің анимациялық өнімдері. Өзім де әке болғандықтан, балаларымның болашағы үшін уайымдаймын. Алғаш Айбек Қуатбайдан мультфильм түсіру жайлы идея келгенде, ерекше қуандым. Тез арада команда жасақтап, жұмысқа кірісіп кеттік, - дейді ол.
Жоба жетекшісі әрі қарай мультсериал жалғасын таба ма деген сауалға былай жауап берді:
– «Оның аты – Айбардың» екінші маусымын жасаймыз деген ой бар. Қазірдің өзінде сценарийге деп, біраз дүниені түртіп қойдық. Алғашқы маусымдағы қателерден сабақ алып, тағы да жаңа леппен жұмысқа кірісеміз.
Бұл мультсериал балаларға арналса, жасөспірімдерді де қуантамыз деген жоспарымыз бар. Сол себепті мультсериалдан кейін комикстар әлеміне жол тартамыз. Одан соң, 2023 жылдың аяғына қарай, аниме түсіруді қолға аламыз, - дейді Парасат Тәнен.
Мультсериал сценарийін жазған Шыңғысхан Ермаханның бұл – анимация әлеміндегі алғашқы жұмысы. Оған қасқыр туралы мультфильм дайындауымыз керек деген ұсыныс түскенде, құлшына іске кіріскенін айтады.
– Қасқыр өзі айбарлы болғандықтан, кейіпкердің атын «Айбар» деп қойдым. Осы атау командаға да ұнады. Содан кейін қысқа метражды емес, сериал жасап көрейік деп шешім қабылдадық. Бастапқыда жиырма сериясын бірден түсіргіміз келді. Үшіншісіне келген кезде, оған шамамыз жетпейтінін түсіндік. Әзірге он сериясын ғана түсіргеніміз жөн болатынын түсіндік, - дейді сценарист.
Сондай-ақ аниматорлар Шыңғысқа су, шыны деген дүниелерді сценарийде қолданбаңызшы деп өтініш айтыпты. Өйткені бұлар анимация кезінде күрделенеді әрі уақытты да көп алады екен. Сценарий авторы балаларға арналған аталмыш жобаны бастар алдында қорқыныштың да болғанын жасырмады.
– Алдымен «Ордагеннің» кітаптары мен аудиожазбаларының қолданушыларына зерттеу жасадық. Жас шамасын анықтап, оларға не қызық болатынын ескердік. Сол статистика мәліметтері біздің қорқынышымыз бен уайымымызды сейілтті, - дейді Шыңғысхан Ермахан.
Тұсаукесерде Әсет Жұмақұлов, Мәдина Сыдықова, Садық Шерімбек, Нұрбақыт Жұлдызбайұлы, т.б. кәсіпкерлер, медиа, өнер адамдары туынды жайлы пікірлерін білдіріп, жобада еңбек еткендерге сәттілік тіледі. Ал кәсіпкер Балтабек Мұқаш балаларға арналған қазақша анимация сериалының жарыққа шыққанына қуанышын білдірді.
Әркез Ordagen компаниясының шығармашылық жұмыстарына ой қосып, қолдау білдіріп жүретін жазушы Садық Шерімбек сапалы қазақша мультсериалдардың енді ғана жеке қолға алынуын түсіндіріп өтті.
– Қазақша анимация өнімдерінің тым аз болуы мемлекет қолдауының жүйелі болмауынан деп ойлаймын. Негізі үнемі олай сенім артып, қарап отыра беруге де болмайды. Міне, осы ретте «Ордаген» секілді компанияның жүгі ауыр істі қолға алуы қуантады. Бұлар жаңа нарықты жасап жатыр деп, сеніммен айта аламыз.
Алдағы жылы қазақ мультфильмдері мен мультсериалдарының саны артады деп ойлаймын. Өйткені бірте-бірте кино мен кітаптар қазақшаға ауысып жатыр. Енді екі жылда балаларға арналған контенттер толыққанды қазақша сөйлейді, - дейді жазушы.
«Оның аты – Айбар» мультсериалы сіздің, балаңыздың немесе бауырыңыздың досына айналсын десеңіз, YouTube әлеуметтік желісіндегі ORDAGEN арнасына жазылыңыз. Әзірге 2 сериалы жарық көрді. Сіздерге Айбар мен достарының қызықты оқиғаларын тамашалау үшін жақсы көңіл күй тілейміз!